26.02.2020. ж.
Күллі түркі жұртының мақтанышы болған, философ, физик, астроном, математик, музыка зерттеушісі Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл. Екінші ұстаз аталған тұлғаның мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өту туралы қаулы өткен жылы қабылданған болатын. Ұлы ғалымға арналған іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде аталып өтіп жатыр. Солардың бірі, өнер бөлімшесінің ұйымдастыруымен өткен «Әлемдік ойдың алыбы» тақырыбындағы тарихи-танымдық сағаты.
Іс-шара басында, ойшылдың Отаны, балалық шағы, өскен ортасы мен ата-анасы туралы кеңінен әңгімеленді. Ғылым, өнер, музыка, математикаға деген алғашқы талпынысы, құштарлығы туралы жан-жақты қызықты деректер келтірілді. Одан әрі, ұлы ғалымның математика, музыка саласындағы еңбектері, зерттеулік жұмыстары, жеткен жетістіктері туралы айтылды. Музыкалық өнердің теориялық және практикалық мағынасы, ондағы музыка теориясы бойынша үлкен тарихнамалық материалдар жайында да әңгіме өрбіді. Музыкалық өнердің практикалық мағынасы мен адамның рухани әлемін қалыптастырудағы маңызы туралы деректер айтылды. Философ зерттеулерінің бүгінгі өркениеттің дамуына да ықпалын терең түсінуге серпін беретіндігі тілге тиек етілді.
Әл-Фараби жылы аясында өткен тарихи-танымдық сағатымыз оқырмандарға дарынды тұлғаның жан-жақтылығын көрсетуді мақсат еткен болатын. Іс-шара барысында, ұлы ғалымның әр салада салмақты ой, еңбек қалдырып, адамзат тарихында ойып тұрып орын алатыны тағы бір мәрте дәлелденілді.
https://arkalyk-ounb2.kz/novosti-kz/666-lemdik-ojdy-alyby.html#sigProIde3f39fc10f