"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
Біз туралы

Арқалық қаласындағы № 2 облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының тарихы Торғай облысының орталығы болған Арқалық қаласының тарихымен тығыз байланысты.
Арқалық қаласының іргетасы ресми түрде 1956 жылы мамыр айында қаланды. Бұрын ешқандай ел болмаған жапан далада қала салынуына осы өлкеде қанатты қазынаның мол қорының көзі ашылуы себеп болды.

Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Жоғары Кеңес Президиумының жарлығына сәйкес 1970 жылғы 23 қарашада орталығы Арқалық қаласы болып Торғай облысы құрылды. Осыған орай Қазақ КСР-ің Министрлар кеңесінің 1970 жылғы 30 желтоқсан күнгі қаулысымен Торғай облыстық мәдениет басқармасында Торғай облыстық және облыстық балалар кітапханасының құрылуына рұқсат берілді. 1

Кітапхана құрылуының басты мақсаты Торғай облысының аймағындағы  тұрғын халықты кітаппен қамтамасыз ету  болды. Өзінің қызметінде кітапхана Каз. КСР-ің мәдениет министрлігінің, Торғай облыстық мәдениет басқармасының бұйрықтары мен нұсқауларын және кітапхана туралы бекітілген Ережені басшылыққа алып жұмыс жасады. 

Сонымен, 1971 жылғы 27 қаңтар күні облыстық кітапхана ашылды. Бастапқы кезде облыстық кітапхана Маясова көшесіндегі 29 үйдегі 2-бөлмелі пәтерде орналасты. Алғашқы 2 жылында кітапхана оқырмандарға қызмет көрсеткен жоқ, кітапхана қоры жинақталды, каталогтар мен картотекалар құрылды, бастапқы кездегі жұмыстар атқарылды.  Ең бастапқы кітап қорын Ақмола облыстық кітапханадан түскен 3,5 мың кітаптар құрады.
1971 жылғы облыстық кітапхана құрылымы:

  • директор
  • ғылыми-әдістемелік бөлім
  • әдебиетті толықтыру бөлімі
  • анықтама-библиографиялық бөлім
  • абонемент

       Облыстағы аудандық және ауылдық кітапханаларға әдістемелік көмек көрсету жұмысы кітапхана ашылғаннан бастап-ақ атқарыла бастады. 1973 жылдың басында кітап қоры 17313 дана болып есептелінді. 1973 жылы 1 қарашадан бастап кітапханадағы абонемент бөлімі оқырмандарға қызмет көрсете бастап, жыл аяғында 400 оқырман берді. Осылайша кітапхананың алғашқы сандық көрсеткіштері де басталып кетті...
 
  

Кітапхана қызметкерлері туралы айта кетер болсақ, 1971 жылғы 18 наурызындағы қаулысымен Арқалық қаласы бүкілодақтық екпіндік комсомолдық құрылыс болып жарияланды. Сондықтан, кітапханаға  жан-жақтан жиналған жас кітапхана мамандары орналаса бастады
Кітапхананың алғашқы директоры - Ленинградтағы мәдениет институтының түлегі Александра Ивановна Шишкалова болды.
1972 жылдан Ирина Генриховна Анохина директор болды. 1974 - 1991 жылдары аралығында кітапхананы Зинаида Иннокентьевна Мурзина басқарды.

Облыстық кітапхана ұжымы

Облыстық кітапханамен қатар, 1971 жылы 28 қаңтар күні облыстық балалар кітапханасы ашылды. Облыстық балалар кітапханасы балалар және жасөспірімдерге қызмет көрсететін мәдени-ағартушы, ақпараттық, тәрбие беруші мекеме болды. Бұл кітапхана Ленин (Қазіргі Абай) даңғылындағы 78 үйдің І-ші қабатында орналасты. Кітапхананың алғашқы директоры Н.Д. Стовбун болды.
Торғай облыстық балалар кітапханасының құрылымы:

  • директор
  • кітапті өңдеу және толықтыру, каталогтар жүргізу, әдебиеттерді сақтау бөлімі
  • мектепке дейінгі және  мектептің төменгі сыныптарындағы (1-4 сынып) балдырғандарға қызмет көрсету бөлімі
  •  5-9 сынып оқушыларына және балалар оқуының жетекшілеріне қызмет көрсету бөлімі
  • ғылыми-әдістемелік бөлім
  • материалды-техникалық қамсыздандыру қызметі.

Арқалық қаласы тез қарқынмен дамып, өсіп келе жатты. 1975 жылы облыстық кітапханасында оқу залы жұмыс жасай бастады. Қаланың, кітапхананың жағдайы жақсара бастады. 1976 жылы кітапханаға Октябрьдің 60-жылдығы (қазіргі Ш.Жәнібек) көшесіндегі 77-үйдің І-қабатынан облыстық кітапханаға қосымша 326 шаршы метр бөлінді.
Қала көркейіп, тұрғындары көбейе бастады. Сондықтан, Торғай облыстық халық депутаттар Кеңесінің № 19/448 шешіміне сәйкес 1979 жылғы 19 қазан күні Торғай облыстық жасөспірімдер кітапханасы ашылды. 2  
Жасөспірімдер кітапханасы негізінен 14-21 жас аралығындағы жасөспірімдерге қызмет көрсетті. Торғай облыстық жасөспірімдер кітапханасын құрылғаннан бастап таралғанына дейін Ирма Ивановна Шпехт басқарды.
1997 жылғы облыстық жасөспірімдер кітапханасының штат кестесі:

  • директор
  • кітапты өңдеу және толықтыру бөлімі
  • қызмет көрсету бөлімі
  • әдістемелік- библиографиялық бөлім
  • материалды-техникалық қамсыздандыру қызметі.

       Республикалық мемлекеттік кітапхананың 1974-1980 жылдарға арналған орталықтандырылған кітапхана жүйесіне көшу жоспарына сәйкес, Торғай облысында 1976-1980 жылдар аралығында аудандық көпшілік кітапханаларда орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне көшу  жұмысы жүргізілді. 3 Бұл жұмыс кітапхана жүйесінде басшылыққа және бақылауға алуды дұрыс бағытқа бұрды, нормативтік құжаттардың пайда болуына алып келді.
Республиканың халық шаруашылығындағы табыстары, экономиканың әрі қарай дамуы халқымыздың материалдық әл-ауқатының, жалпы білім және мәдени деңгейінің артуы қалың жұртшылық арасында кітаппен жұмыс істеуді біршама жақсартты. 1981 жылы Қаз. КСР-ің барлық облыстық кітапханалары облыстық әмбебап ғылыми кітапханалары атты жаңа мәртебеге ие болды. Әмбебап ғылыми кітапханалар ғылым мен техника жетістіктерін, өндірістік озық тәжірибелерді тарататын, дәлірек айтқанда республикадағы кітапханатану және библиография саласындағы әдістемелік, ұйымдастырушылық орталыққа айналды. Торғай облыстық кітапхананың Торғай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына ауыстырылғаны туралы нақты деректер сақталмапты, бірақ әдістемелік нұсқауға жүгінсек, бұл атау 1981 жылы берілген деп санауға болады.4
Жаңарған өлкедегі жас қала 1970-1988 жылдары экономикасы мен мәдениеті қатар дамыған, әуелі бастағы 15 мың тұрғыны бар негізінен бір-екі қабатты қаладан 70 мыңға тарта тұрғыны бар, бірнеше мөлтек ауданы бар, осы замаңғы орта деңгейдегі көрікті елді мекенге айналды. 

  • 2 – АФ ГАКО, Р - 547, оп. 1, д. 1, л.1
  • 3 – инструктивно-методический материал, выпуск 1-2, Алма-Ата, 1973 г. сост.: библ. Каз. ССР им. Пушкина
  • 4 – памятка к 30-летию областной универсальной научной библиотеки № 2 за 2001 год, стр. 1-2

        Тұрғын халыққа кітапханалық қызмет көрсету үшін 9 филиалы бар қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі, сонымен қатар облыстық әмбебап ғылыми,  ғылыми-техникалық, жасөспірімдер және балалар, облыстық көзі көрмейтін және нашар еститін азаматтарға арналған арнайы кітапханалар жұмыс жасады.  Қаладағы барлық кітапханалардағы кітап қоры 471 мың дананы құрады. 
Қаз. КСР-ің Жоғарғы Советі Президиумының жарлығымен 1988 жылғы 2 маусым күні Торғай облысы жабылды.5 Қаз. КСР-ің мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитетінің 1988 жылғы 24 маусымдағы № 170 бұйрығына сәйкес Торғай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің орталық кітапханасы болып  құрылды.6
Осы бұйрыққа сәйкес Торғай облыстық жасөспірімдер кітапханасы Арқалық қалалық жасөспірімдер кітапханасы, ал Торғай облыстық балалар кітапханасы Арқалық орталық кітапханасының бір бөлімі болып құрылды. Орталық қалалық кітапхана Арқалық қаласының тұрғындарына қызмет көрсетіп, Арқалық, Амангелді, Жангелді, Октябрь аудандарының кітапханаларымен байланыс жасап, оларға әдістемелік көмек көрсетіп отырды.
Қаз. КСР-ің Жоғарғы Советі Президимуының № 31-9-ХІІ жарлығымен 1990 жылғы 17 тамыз күні Торғай облысы бұрыңғы көлемінде қайтадан ашылды. 7
Торғай облыстық мәдениет жөніндегі комитеттің № 117 бұйрығына сәйкес 1990 жылғы 25 қазанда Арқалық қалалық орталық кітапхана қайтадан Торғай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мәртебесін алды.8 Сонымен қатар, Торғай облыстық балалар кітапханасы, Торғай облыстық жасөспірімдер кітапханасы және басқа кітапханалар  өз мәртебелерін алды.
1991 жылдың басында облыс тұрғындарына 305 мемлекеттік кітапхана қызмет көрсетті. 1991 жыл ішінде тұрғындар санының азаюынан, кітапхана үйлерінің болмауынан облыстың 5 ауылдық кітапханасы жабылды. Облыста 1993 жылдың басында 291 кітапхана есепте тұрды, оның ішінде 1 – облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, 1 – облыстық жасөспірімдер, 1 – облыстық балалар, 10 – аудандық орталық, 1 – қалалық, 11 – орталық балалар, 265 – кітапхана филиалдар болды.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын оңтайлы ету жөніндегі шаралар туралы» 1997 жылғы 22 сәуірдегі № 3466 Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығына сәйкес Торғай облысы таратылды.9
____________________________________________________________

АФ ГАКО, Р-388, оп. 1, д. 2370, л.109
6  -  АФ ГАКО, Р-547, оп. 1-л, д. 9, л. 1
7 -- АФ ГАКО, Р-388, оп. 1,прод., д.241, л. 45.
 8 - АФ ГАКО, Р-388, оп. 1,прод., д.241, л. 45.
9 - АФ ГАКО, Р-547, оп. 1-л, д. 9, л. 70
ҚР президентінің жарлығын жүзеге асыру мақсатында Торғай облыстық мәдениет басқармасының «Облыстық мәдениет және өнер мекемелерін тарату туралы» № 28 бұйрығына сәйкес  1997 жылы 29 сәуір күні № 2 Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы құрылды.10

     Сонымен, № 2 Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 4 кітапхана негізінде құрылды. Олар:

  • облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы
  • облыстық балалар кітапханасы
  • облыстық жасөспірімдер кітапханасы
  • облыстық көзі көрмейтін және нашар еститін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы

     Кітапханалар біріктірілсе де, олардың мекен жайы орындарында қала берді. Облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Ш. Жәнібек көшесіндегі 77 үйдің І-ші қабатында, № 2 ОӘҒК-ң жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімі болып құрылған облыстық жасөспірімдер кітапханасы Ш. Жәнібек көшесіндегі 107 үйдің І-ші қабатында, балалар әдебиеті бөлімі болып құрылған облыстық балалар кітапханасы Абай даңғылындағы 78 үйдің І-ші қабатында қала берді.
2001 жылы кітапханаға Абай даңғылындағы 62 үйде орналасқан ғимараттан жаңа мекенжай берілді. Сол  жылдың мамыр, маусым айларында  жоғарыдағы 2 қабатқа облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы және жасөспірімдер бөлімі көшірілді.
2003 жылдың басында осы ғимараттың І-ші қабаты берілді, оған балалар әдебиеті бөлімі көшіп келді.