"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
Мен даламның қызымын

19.02.2020. ж.

Айтыс – қазақтың ауызекі әдеби-музыкалық өнерінің көлемді және аса құнды байлығының бірі. Ол – суырып салма ақындық өнерінің жемісі болып табылады. Айтыста халықтың әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты, дүниетанымы, рухани көзқарасы, қалыптасу тарихы байқалады.

Біздің өлкеден шыққан айтыскерлер өте көп. Солардың бірі – айтыскер ақын Әлпия Карбозқызы Орманшина. Осы жылдың ақпан айының 23-ші жұлдызында 65 жасқа толады. Осыған орай, өнер бөлімшесінде «Мен даламның қызымын....» атты Арқалық политехникалық колледжінің 3 курс студенттері арасында әңгіме өтті. Айтыскер апайымыздың өмірдерегі айтылып, әке-шешесі, отбасы, туған жері туралы ақпарат берілді. Алғашқы жазған өлеңі, бірінші айтыс сахнасына шыққан кезі, ұстаздары мен марапаттары да сөз болды. Әлпия Орманшина, көбінесе, қазақ қыздарының тағдырын, мінез-құлқын жырлаған. Қаншама қыз аяқтарын шалыс басып, тағдыры қиын болғанын, арулардың ар-намыстан, ұяттан, ұлттық тәрбиеден қалыс қалып жатқанын жырлады. Жерлес ақынымыз еңбегіне лайық өз бағасын алған жан. «Ең үздік ұстаз», ҚР мәдениет қайраткері, облыстық Меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының лауреаты деген атақтарға ие болған өнер иесі.

Ер балалар болса да қызығушылық, белсенділік танытылып, ақын апайымыз туралы сұрақтар қойылып, сұрақтарға жауап берілді. Бөлімдегі арнайы ашылған «Өлкенің өнер қайраткерлері», «Айтыс – ұлттың ұлы өнері» атты папкыларға және  өлке туралы әдебиеттерге шолу жасалды.