30.10.2019. ж.
Өткен ғасырдың соңғы ширегінде қазақ боксының аты аңызға айналған даңқты тұлғаларының бірі әрі біргейі, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Серік Қонақбаев болғаны көпшілікке таңсық емес. Биыл атақты спортшы 60 жасқа толды. Осы мерейтойға байланысты өнер бөлімшесінде «Қазақ боксының баһадүрі» атты арнайы әңгіме өтті.
Бокс, оның ішінде қазақ боксының тарихы мен өркендеу кезеңдеріне шолу жасалып, атақты спортшылардың есімдері аталды. Одан әрі, Серік Қонақбаевтың өмірдерегі, ата-анасы, балалық шағы сөз болды. Спортқа қашан және қалай келгені, бірінші жарыстары мен жеңістері, бапкерлері туралы әңгімеленді. Қазақтың қайсар ұлы әлемдік бокс аренасында, қазақ боксының мәртебесін алғаш паш еткен атақты спортшы. Серік Қонақбаевтың спорттағы жолына саяхат жасалып, жеңістері мен атақтарына бөлек-бөлек тоқталдық. Спортшы халықаралық бокс бәсекелерінде талай рет топ жарып, керемет табыстарға қолжеткізген тұлға. Атап кетсек, екі дүркін Еуропа чемпионы, екі дүркін Әлем кубогының иегері, ең бастысы, 1980 жылы Мәскеуде өткен XXII жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Ал 1981 жылы әлемнің «Ең үздік боксшысы» деген атаққа ие болған даңқты отандасымыз.
Осындай жанмен қалай мақтанбайсың! Іс-шараның басты мақсаты да осы – қазақ спортшыларын насихаттау, жастарды саламатты өмір салтын ұстануға шақыру. Шараға Арқалық педагогикалық институтының дене тәрбисі бөлімінің I курс студенттері мен ұстаздары қатысты. Бөлімдегі спорт тақырыбындағы әдебиеттер мен мерзімді басылымдарға шолу жасалды.