"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
Әйел теңдігінің жыршысы

19.09.2019 ж.    

    

Әйел теңдігінің жыршысы     

Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасының абонемент бөлімінің ұйымдастыруымен  жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің іргелі жанырларын қалыптастырған, аса көрнекті суреткер жазушы, ақын, әрі драматург Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына орай «Әйел теңдігінің жыршысы» тақырыбында оқырман конференциясы өткізілді. Іс-шара барысында әдебиетіміздің алып бәйтерегі Бейімбет Майлиннің өмірбаяны мен еңбектері жайлы айтылып, «Шұғаның белгісі» хикаяты толықтай талқыланды. Майлин өз шығармаларына халықтың мұң-мұқтажын, ескі әдет-ғұрып ата-бабалар салтымен шешілген қыз тағдырын арқау етті. Ол драматургия, проза салаларының дамуына үлкен үлес қосқан. Бейімбет Майлин шығармаларының дені әйел теңдігі  жайлы болса, солардың ең шоқтығы биігі -  «Шұғаның белгісі». Бұл шығармасында қазақ қызының қатал әдет-ғұрыппен тағдырына еріксіз бағынуы суреттелген.

Мақсаты: Ғ. Мүсірепов айтқандай «Бейімбетті тани алмау – ештеңені тани алмау»  демекші  оқырмандарға  жас ғұмырын еліне ,халқының болашағына арнаған,  әдебиетіміздің көш басында тұрған алыптар тобының көрнекті өкілі Бейімбет Майлиннің мол мұрасын насихаттау, таныту болып табылады.

Кешіміздің  құрметті қонақтары ретінде кітапхана ардагері  Алма Жақсылыққызы мен облыстық әмбебап ғылыми кітапханамыздың директоры Қазына Байсабекқызы Борібаева қатысып жазушымыз жайлы ой бөлісіп, жылы лебіздерін білдірді.

Сонымен қатар, іс-шарамызға Арқ. МПИ және ТГК студенттері өз ойларымен бөлісіп белсене атсалысты. «Шұғаның белгісі» хикаятына қызығушылығы артқан студенттер шығарма бойынша сұрақтарды талқылау барысында жауап беріп, бірін -бірі толықтырып  отырды.  Ерекше көзге түскендер Арқ. МПИ филология факультетінің 1 курс студенті Қабдырашова Гүлимжан, Толеубек Нуршат, Арипбаева Асия, Сарсен Айжан, Болатбай Мадина, Сансызбаева Б. және т.б.  Сонымен қатар, « Ғажайып туынды-  «Шұғаның белгісі» бейнебаян тамашаланды  және де кешіміз музыкалық сәлемдемемен сүйемелденіп «Туған жер» «Жан ана»  өлендері орындалды.  Іс-шарамыздың сәнін кіргізген ««Елім деп елжіреген жүрегі»» атты көрмемізге шолу жасалып, жазушының үздік еңбектері жайлы мағлұматтар берілді.

Кешімізді кітапхана директоры Борібаева Қазына  Байсабековна  қорытындылады. Оқырмандар қауымы Майлиннің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, еңбектері жайлы мол мағлұмат алып, кітап көрмесімен танысып әдебиетімізге құштарлықтарын арттырып, білімдерін кеңейтті.

Қатынасқан адам саны – 37.