"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
«Шертер» ансамбіліне 45 жыл

10.06.2019 ж.

 

Кезінде халқымыздың ұлт жанашыры болған Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей қолдауымен құрылып, жарты әлемді аралап шыққан «Шертер» ансамбілі ұлттық өнеріміздің өркендеуіне өзіндік үлес қосты. Биыл осы ұжымның құрылғанына 45 жыл уақыт өтіпті.

 

Осы айтулы оқиғаға орай өнер секторының ұйымдастыруымен «Ғасыр сазын тербеген» тақырыбында сазды қонақжай өткізілді.

 

Іс-шараның басты мақсаты – өлкенің мәдениет тұлғаларын көпшілік оқырманға таныстыру, шығармашылықтарын насихаттау және Торғай өңірінің тума таланттарын құрмет тұту.

 

Қонақжайдың қадірлі қонақтары – ҚР мәдениет қайраткері, сазгер, домбырашы, өнер жанашыры Жұмағали Сүлейменов, музыкатанушы, дирижер Боранбай Әбенов, ҚР-ның мәдениет қайраткері, әнші Отаркүл Мұқатова, домбырашы Әбжан Сәрсенбаев, ұстаз Жақсыгүл Бөлтірікова. Кеш жақсы бір әнмен басталып, «Шертер» ансамблінің тарихымен танысумен жалғасты. Одан әрі қонақтарға кезек-кезек сұрақ қойылып, естелікке толы кездесудің куәсі болдық. Осы ансамблдің басы-қасында болған азаматтар, өмірден өткен кісілер зор сағынышпен еске алынып, тағзым көрсетілді. 

 

Қонақтарға қолқа салынып, Отаркүл Оразбайқызының орындауында бірнеше ән, Әбжан ағайдың орындауында күмбірлеген күй тамашаладық. Кездесуге өнер сүйер қауым, колледж студенттері ұстаздарымен атсалысты. Кеш соңында қонақтарға алғыс айтылып, сый-сияпат көрсетілді.

 

«Шертердің» кешегісі мен бүгінгісін баяндайтын фотослайд, өнер секторының қорынан әзірленген кітап сөресі дайындалды.