04.06.2019 ж.
№2 Облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының оқу залы бөлімінің ұйымдастыруымен Елдіктің айрықша нышаны саналатын Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Мемлекеттік рәміздер-ұлттық мақтанышымыз» атты патриоттық сағаты ұйымдастырылды. Патриоттық сағатының мақсаты еліміздің рәміздерінің рухани байлығымыз, ұлттық белгіміз екені, оның нышанын таныта білу. Мемлекеттік рәміздерімізді қоғамдық құндылық ретінде қабылдауға ықпал ету.
Қазақ елінің өз топырағында дүниеге келген, өз аңсарларымыз мүддесіне қызмет ететін тұңғыш ресми мемлекеттік белгілеріміз – барша қазақстандықтар үшін тәуелсіздік тұмарындай. Елдік белгілер ел үмітінің шырағданы іспеттес. Көтерген туы жығылмай, асқақтаған әнұраны, әрдайым жарқын шырқала берсе екен деген тілек – қай халық үшін ерекше көкейкесті, ерекше қасиетті тілек.
Ниеті адал барша қазақстандықтардың ізгі арманы да осы. Патриоттық сағатымыз Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылып, туған елінің рәміздеріне құрметпен қарау – елдіктің, отансүйгіштіктің, тұтастай алғанда, патриотизмнің шынайы бір белгісі екендігі жете түсіндірілді . Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің бет-бейнесі ғана емес, оның тарихы және әрбір адамның өз еліне деген сүйіспеншілігінің белгісі. Сондықтан біздің мемлекеттік рәміздеріміз тарихтың тылсым тереңінен сыр тартып, бүгінгі азат елдің асқақ келбетін айшықтайды.