"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
«Оқитын ұлт»

Арқалық қаласындағы облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапханасында   Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен прокуратура органдарының құрылғанына 35 жыл толуына орай, Қостанай облыстық прокуратура ардагерлер кеңесі мен Арқалық қалалық Ардагерлер кеңесі мүшелерінің қатысуымен «Оқитын ұлт» тұжырымдамасын қолдау аясында тағылымды кездесу өтті. Кездесуге юстиция аға кеңесшісі, полковник, Қостанай облыстық прокуратура ардагерлер ұйымының төрағасы Нагуманов Бахчан Канапьянович бастаған прокуратура саласының ардагерлері мен қызметкерлері, Арқалық қалалық Ардагерлер кеңесінің өкілдері және қала ардагерлері қатысты. Кездесу барысында құрметті қонақтар кітапхана қорына Қазақстан Республикасының Конституциясын, прокуратура органдарының қызметі мен қалыптасу тарихына, сондай-ақ осы салада еселі еңбек еткен тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметіне арналған құнды кітаптарды сыйға тартты. Бұл игі тарту кітапхана қорын толықтырып қана қоймай, оқырмандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жас ұрпақтың ел тарихы мен заң саласына деген қызығушылығын оятуға қосылған зор үлес болды. Іс-шара барысында Арқалық қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аубакиров Түбекбай Ғабсалықұлы құттықтау сөз сөйлеп, ел тәуелсіздігі жолында аянбай еңбек еткен азаматтардың өнегелі жолына тоқталып, ардагерлердің қоғам өміріндегі орны мен жас ұрпаққа берер тәрбиелік тағылымын атап өтті. Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжан Аяғанқызы ардагерлерге деген ыстық ықыласы мен жүрекжарды лебізін білдіріп, олардың ел игілігі жолындағы еңбектеріне алғыс айтты. Іс-шара соңында кітапхана басшысы Алматова Сауле Ахметқызы кездесуді ұйымдастыруға атсалысқан Қостанай облыстық прокуратура ардагерлер кеңесі мен Арқалық қалалық Ардагерлер кеңесіне, арнайы келіп, кітапхана қорына құнды еңбектерді тарту еткен қонақтарға және қатысқан қала ардагерлеріне шынайы алғысын білдірді.