«Өшпес із қалдырған Өзбекәлі»
№2 ОӘҒК қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің №2 Студенттер үйінде көрнекті тарихшы, этнограф, ғалым, мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына орай «Өшпес із қалдырған Өзбекәлі» атты портреттік кеш өтті. Рух сардарына арналған арнау өлеңмен ашылған кеште, қайраткердің ұлттық мәдениетті жаңғыртудағы рөлі мен Торғай өңіріне сіңірген елеулі еңбектерін танытатын бейнежазба көрсетілді. Домбыраның қоңыр үнімен әуезді әндер шырқалған тағылымды басқосуда «Ұлағат тұнған тақия», «Өзағаңның ізімен», «Киіз үйдегі көне сыр» ойындары ойнатылды. Шарада ұлт жанашырының төл еңбектері мен бірге қызмет атқарған тұлғалардың естеліктері топтастырылған әдебиеттерден құралған «Рух сардары» атты жылжымалы кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды.






















