Облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің студенттерімен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абай Қанатханұлы Сарыбаевпен «Шәкірт баптаған шебер» атты ашық әңгіме алаңын өткізді. Кездесу барысында студенттер Абай Қанатханұлына көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тәжірибелі бапкердің өмірлік тәжірибесі мен спорттағы жетістікке жетудің қыр-сыры туралы, өзін-өзі дамыту, алға қойған мақсаттарға жету және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру бойынша құнды кеңестерін тыңдады. Сонымен қатар, спорттың тәртіптілікке, адалдыққа, мақсатқа ұмтылуға тәрбиелеудегі рөлі талқыланды. Салауатты өмір салтын ұстану және өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тағылымды жүздесу жастарға рухани серпін беріп, табандылық пен еңбектің, тәртіп пен жігердің жеңіске бастар жолдағы маңызын ұғындырды.
Шәкірт баптаған шебер






















