Жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтілетін Отбасы күніне орай Арқалық қаласы білім бөлімінің қосымша білім беру және Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп «Жарасымды жұп - тәрбиелі ұрпақ» атты сырласу алаңы ұйымдастырылды.
Отбасылық құндылықтарды қастерлеп, «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің бас жүлде иегерлері Биекиндер отбасы кештің қадірлі қонағы болды.
Сырласу алаңы барысында отбасының өнегелі үлгісін көрсетіп келе жатқан кеш қонақтары бала тәрбиелеу мен жарасымды отбасы болудың сырларымен бөлісіп, келешек жас ұрпаққа ақыл-кеңестерін берді.
Ата-ананың қадірін арқау еткен жүрекжарды жырлар оқылып, домбыраның қоңыр әуенімен үндесіп әуезді әндер шырқалған кеште қаламыздағы Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Аяғанқызы, кітапхана басшысы Алматова С.А., Қосымша білім беру орталығы, «Жанұя» клубының жетекшісі З.Б.Деменисова сөз алып, елге өнеге болған мерейлі отбасылардың қоғамдағы алар орны мен маңызына ерекше тоқталды. Тағылымды кеш отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған тренингпен қорытындыланды.
Жарасымды жұп - тәрбиелі ұрпақ






















