Кітап - үнсіз тілдесетін ең адал дос, адам жанына жарық сыйлайтын рухани қазына.
«Мен оқыған 10 кітап» акциясы аясында оқыған кітаптар туралы айтылады.
Қазақ әдебиетін алсақ, әрине, Абайдан бастау керек. Абайдың ерекешелігі - ол ең әуелі өзіне сын көзбен қараған:
«Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес», - дейді ол.
Ал оның шығармашылығы туралы Зәки Ахметовтың «Абайдың ақындық әлемі» атты кітабында жақсы жазылған.
Келесі кітап - «Мұқағали. Аққудың қанатына жазылған жыр». Бұл кітапта мұзбалақ ақынның өлеңдер мен поэмалары жинақталған.
Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен тер» трилогиясы - Арал өңіріндегі балықшылардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен бастап, азамат соғысы кезеңіндегі ауыр әлеуметтік тағдыры, таптық тартыс, махаббат пен адам психологиясы туралы жазылған тарихи шығарма.
«Бес ғасыр жырлайды» кітабын ашсақ, ХV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармаларымен танысамыз.
Тұманбай Молдағалиевтің «Жиырма бесінші көктем» жинағындағы өлеңдер атамекенді, адамдарды, табиғатты сүйюге, сыйлауға, қорғауға үндейді.
Әлемдік классиктерге келсек Шекспир еске түседі. Оның «Сонеттері» оқырманды әсемдік пен мейірімділікке баулиды.
Пауло Коэльоның «Алхимигі» - ерекше философиялық туынды.
Ал Пушкиннің поэзиясы ғана емес прозасын да оқып, көп сабақ алуға болады. Әсіресе «Пиковая дамасы» бүгінгі таңда жастар үшін пайдалы болуы мүмкін. Оны оқыған адам түсінеді.
Өзбекәлі Жәнібековтың «Жолайырықта»
атты кітабы халқымыздың өткен өміріне, тұрмыс-салтына, наным-танымына, мәдениетіне ілтипатпен қарауға ынталандырады.
Жергілікті авторларға келсек, Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» -
тарихи роман. Ол қазақ даласындағы аңызға айналған оқиғаға негізделген. Нұрманов сол дәуір атмосферасын, хан мен халық арасындағы қатынасты көркем бейнелеп, романды оқырманға ой саларлық тарихи сабаққа айналдырған.
Оқыңыз, ізденіңіз - өйткені кітап оқыған адамның өмірі мәнді болады.
Тасмағанбет Сабыржан Нұрсалиұлы, «АMANAT» партиясы Арқалық қалалық филиалының төрағасы.























