"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
23 сәуір - Ұлттық кітап күні

22.04.2026

23 сәуір - Ұлттық кітап күні. Бұл күн - халқымыздың сан ғасырлық бай әдеби мұрасын дәріптеп, ана тілімізде жарық көрген асыл қазыналарды насихаттайтын, руханиятқа ерекше мән беретін маңызды мереке.

Кітап - адамзаттың рухани байлығы, білім мен танымның сарқылмас қайнар көзі. Ол ұрпақтан - ұрпаққа жалғасқан ой мен өркениеттің, мәдениет пен тәрбиенің алтын көпірі іспетті. Сондықтан да кітапты құрметтеу - ұлттық болмысты, рухани құндылықтарды қадірлеумен тең.

Осы мерекеге орай еліміздің барлық өңірлерінде кітап апталықтары ұйымдастырылып, түрлі әдеби - танымдық, мәдени - рухани іс - шаралар өтуде. Бұл бастамалар жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оқырман мәдениетін қалыптастыруға, рухани дүниесін байытуға зор ықпал етуде. Кітапханалар мен білім ордалары - осындай игі істердің алтын ұясына айналып отыр.

Кітап - тек білім көзі ғана емес, ол - ойдың тереңдігі, рухтың биіктігі. Ал кітапқа деген сүйіспеншілік - елдің ертеңіне, ұлттың болашағына деген сүйіспеншілік. Білімді, көзі ашық, рухы биік ұрпақ қалыптастырудың басты негізі де осы кітапта жатыр.

Осы айтулы мереке қарсаңында баршаңызға шын жүректен зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс, шығармашылық шабыт және оқуға деген сарқылмас ынта тілейміз. Кітаптың қасиеті артып, оқырман қатары көбейе берсін!