"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
«Көнеден қалған көрікті өнердің ұстасы»

 11.02.2026

Арқалық қаласындағы облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапханасында ұлттық өнердің жанашыры, шебер оюшы, өлкетанушы, Әлемдік Шыңғысхан Академиясының құрметті академигі Шөптібай Байділдәұлының мерейлі 80 жасқа толуына орай «Көнеден қалған көрікті өнердің ұстасы» атты көрменің тұсаукесері өтті. Рухани кештің шымылдығы қобыздың қоңыр үнімен ашылып, қазақ халқының бай мұрасы – ою-өрнек өнері дәріптелді. Салтанатты тұсаукесер рәсімі қаламыздың құрметті азаматы, Еңбек ардагері Жиенбай Қайырден Тұрсынбекұлы мен Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің Тарих және өнер факультетінің деканы, философия ғылымдарының кандидаты Конкина Гүлбаршын Спанқызына берілді. Арқалық қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әубәкіров Түбекбай Ғапсалықұлы алғашқы болып сөз алып, мерейтой иесіне жүрекжарды лебізін жеткізді. Кеш барысында жас ақын Еркінғазы Айтбаевтың Шөптібай атаның тұлғалық болмысы мен шеберлігін арқау еткен арнауын Гүлзат Арманқызы тебірене оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Мерейтой иесі Шөптібай Байділдәұлы жиналған қауымға арнайы шеберлік сабағын өткізіп, қазақ оюының жасалу тәсілдері мен терең мағынасын түсіндірді. Өнер иесінің ізін жалғап келе жатқан немерелері Еркеназ бен Диас аталарына деген құрметтерін ән мен жыр арқылы білдірді.

Барша өнерсүйер оқырманды «Көнеден қалған көрікті өнердің ұстасы» атты көрмені тамашалап, қазақтың асыл өнерімен жақынырақ танысуға шақырамыз.