28.02.2019
Талай тағдырлардың басын өз шаңырағының астына біріктіріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлығына алған Қазақстанда адамның адамға құрмет көрсететін күні белгіленді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев барлық ұлттың бір - біріне алғыс айту мерекесін көктемнің алғашқы күніне қойып, 1- наурыз «Алғыс айту» мерекесі деп бекітті.
Алғыс - адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай-ақ оның ой мен іс - әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беруі.
«Сәби - Арқалық» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің күндізгі бөлімшесінде қаламыздағы зейнетке шыққан қарияларымыз бос уақыттарын үнемді өткізу үшін бас қосып отырады. Осы мекемемен бірлесіп, Арқалық қаласындағы облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапханамызда жылжымалы кітапхана пункті ашылды.
Осы жылжымалы кітапхана пунктінде оқу залы бөлімінің қызметкерлері қарияларға аптасына бір рет барып қызмет көрсетеді.
1-наурыз «Алғыс айту күні» мерекесіне орай, бұл бөлімшеде «Алғыс айту парызым» атты өнеге сағаты өтті.
Мақсаты: адамдар арасындағы сыйластық құндылығы туралы түсініктерін кеңейту. Қарттарымызға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, жүздерінен қуаныш көру болды. Өнеге сағатында әжелер мен аталарымыз бір-біріне алғыстарын, жүрекжарды тілектерін, лебіздерін айтып, ризашылықтарын білдірді. Қарттарға арналған алғыстарымен бірге Әлібек Қарлығаш, Қапан Олжас, Төреғазықызы Азиза сынды оқушы және студенттеріміз әсем әндерімен шашу шашса, ал Гүлизат, Ақбота, Әлия сынды студент қыздарымыз өлең жолдарымен жыр шумақтарын арнады.
Кеш соңында мекеме басшысы Сұлушаш Әбдібек кітапханамызға алғысын білдіріп, аталарымыз жас ұрпаққа баталарын берді.
https://arkalyk-ounb2.kz/novosti-kz/458-al-ys-ajtu-paryzym.html#sigProId28a744e9d2