"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
«Ұлтқа арнаған ғұмырын»

20.10.2025

Алаш қозғалысының рухани тірегі, ұлттық сананың шамшырағы Міржақып Дулатұлының туғанына биыл 140 жыл толып отыр. №2 ОӘҒК - ның ұйымдастыруымен Алаш арысының өнегелі өмірі мен ғибратты істерін насихаттау мақсатында «Ұлтқа арнаған ғұмырын» атты кеш реквием өткізілді.

М.Дулатұлының ұйқыдағы ұлтқа серпіліс берген «Оян, қазақ!» атты өлеңімен ашылған тағылымды шарада Ы.Алтынсарин атындағы АрқПУ - нің, педагогика ғылымдарының магистрі, Арқалық педагогикалық институтының құрметті профессоры Абдуллина А.Ә. М.Дулатұлының тұңғыш қызы Г.Міржақыпқызы мен оның ұрпақтары жайлы ой тарқатты. АрқПУ - нің, «Тарих және өнер» факультетінің деканы, ф.ғ.к. Конкина Г.С. қаламыздағы Ы.Алтынсарин атындағы қара шаңырақта биылғы жылы бой көтерген М.Дулатұлы атындағы дәрісхана ашылғандығы жайлы жаңалығымен көпшілікті қуантса, асыл арысымыздың өмір жолын сахна төрінде жаңғыртқан Сантөре Пірмановтың «Міржақып» атты тарихи композициясында М.Дулатұлының рөлін сомдаған қаламыздағы «Қазақ жасөспірімдер театрының» әртісі Кәдірханов Д.К. азамат ақынның тұлғалық образын сомдаудағы ерекшеліктеріне тоқталды.

Сондай - ақ, іс - шараға Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының 4 курс студенті, жас ізденуші Ж.Есімсеріұлы қатысып, рухани көсемнің туған жері Қызбел ауылында бой көтерген М.Дулатұлына арналған мұражай мен ескерткіш жайлы айтып, алдағы уақытта қолға алынған жоспарларымен бөлісті.

Белгілі композитор, жазушы Илья Жақановтың Гүлнәр Дулатованың әкесінің сазгерлік қырлары жайлы айтқан естеліктері жинақталған «Үзілген ән» атты еңбегіндегі «Кез болған соң кер заман бізді баққан...» атты әңгіме желісі бойынша қойылым сахналанды. М.Дулатұлы атындағы әдеби - мәдени бірлестігінің жастары Алаш қайраткерінің жалынды жырларын оқыған кеште, Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің 1 курс студенті Балахмет Жанбек алашордалықтардың ұранына айналған М.Дулатұлының «Алаш маршы» әнін домбырамен әуелетті.