24.09.2025
Кітап - адамзаттың сан ғасырлық тәжірибесі мен рухани байлығының сарқылмас көзі. Сол қазыналы әлемнің есігін айқара ашып, оқырман мен кітап арасын бұрынғыдан да жақындатқан ерекше бір күн - «KitapTime - 2025» жалпыұлттық кітап фестивалі аясында «Кітап - даналық қазынасы» атты Ашық есік күні Арқалық қаласындағы облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өтті. Кітаппен үндескен мазмұнды күнде келген қонақтарды кітапхана қызметкерлері жылы қарсы алып, кітапхана қызметімен кеңінен таныстырды. Келушілер үшін бір күн бойы түрлі бағыттағы мазмұнды, қызықты шаралар ұйымдастырылды. «Ғасырлар қойнауынан тамыр тартып» атты сирек кітаптар көрмесінде ұлттық мұраның баға жетпес жәдігерлері таныстырылса, «Жаңа кітап - жаңа серпін» көрмесінде заманауи әдебиеттер мен мотивациялық басылымдар оқырман назарына ұсынылды. «Қолтаңбамен өрілген сырлы қазына» көрмесінде автор қолтаңбасы қойылған ерекше туындылар орын алды. Сондай - ақ, «100 ғұмырлық тағылым» көрмесінде Қазақстан әдебиетіндегі ең үздік шығармалар топтастырылды. Кітап сүйер қауым күні бойы қызықты квесттерге қатысып, әдеби викториналарда өз білімдерін сынап, тақырыптық экскурсиялар арқылы кітапхананың ішкі әлемін зерттеп, креативті көрмелерді тамашалады.
Кітаппен үндескен осы ғажайып күннің бір бөлшегі болған барша оқырмандарға шынайы алғысымызды білдіреміз!