"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
«Бір ел – бір кітап 2018»

«Тек кітап қана алға жылжуды,

адамдықтың шыңына шығуды үйретеді»

Н.Ә.Назарбаев

                                                              

      Жыл сайын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен өткізілетін республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы Қазақстанның ұлттық мұрасын насихаттауға, көпшілікке кітап оқуды дәріптеуге бағытталған. Акция тұңғыш рет 2007 жылы Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерінен» бастау алды. Биыл акция тарихында алғаш рет жалпыға бірдей оқу үшін 3 жазушының: Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі, Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» шығармасы таңдалынып алынды.

 

      Осыған орай, 26 қараша күні №2 ОӘҒК оқу залының ұйымдастыруымен Кеңес Одағының батыры, халық қаһарманы, әскери шенді қызметкер, даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының    «Ұшқан ұя» атты шығармасына оқырман конференциясы өткізілді. Мақсаты оқырмандарға Бауыржан Момышұлының өмірбаянымен таныстырып, «Ұшқан ұя» шығармасын талдау арқылы ойлау қабілеттерін, тіл байлығын дамыту. Шығармадан алған әсерлерімен бөлісу. Салт-дәстүрді құрметтеуге, Еліне, туған жеріне деген ұлттық, патриоттық сезімдерін ояту болып табылды.

 

     Бауыржан Момышұлы әдеби және әскери өнерде артына қайталанбас ұланғайыр ұлттық рухани мұра қалдырған бірегей қаламгер. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналды. Бауыржан Момышұлы әдебиетке ерекшелікпен келген екен. Оқырман қауым батырды алдымен шығармалардың авторы ретінде емес, шығармадағы ержүрек кейіпкер ретінде таныды.

 

     Конференцияға Ы.Алтынсарин атындағы АрМПИ филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің 1-2 курс студенттері қатысты. Іс-шара барысында қазақ халқының біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлының өмірбаяны бейнеоролик арқылы оқырмандарға көрсетіліп, Карбоз Қолғанаттың өте жақсы дайындалған баяндамасы тыңдалды. Алдын ала құрылған сұрақтар бойынша оқырмандар шығарманың желісімен өте жақсы әрі толық қамтып жауап берді. Конференция соңында шығармадан алған әсерлерін, ой-пікірлерін ортаға салып бөлісті. Келген қонақтар жастардың ұшқыр ойларына тәнті боп, болашақта білімді, талантты, өнерлі болып, тек биіктерден көріне беріңдер деп тілек білдірді.

.