Оқу залы бөлімінің ұйымдастыруымен, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, ұлттық қарым-қатынас пен халықтар арасындағы достықты нығайту мақсатында «Елдіктің күші - бірлікте» атты мерекелік кеш өткізілді.
Аталған іс-шараға Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің 1 курс студенттері қатысты. Еліміздің ұлттық әнұранымен ашылған кеште «Бейбітшілік сахналары», «Қазақ елі осындай», «Өзбегім» сынды әуезді әндер шырқалып, би биленді. Күмбір күй төгілген думанда ынтымағы мен достығы жарасқан ұлт өкілдері туған тілдерінде мерекеге деген ақжарма тілектерін арнады. Кеш соңында кітапхана басшысы С.Ахметқызы құттықтау сөз сөйлеп, кеш қатысушыларына жылы лебізін білдірді.