«Қазына» халықтық хорының жетекшісі болған, Қазақ еліндегі хор өнерінің негізін қалаушы атақты композитор Бақытжан Байқадамовтың талантты шәкірттерінің бірі, Арқалық қаласы мәдениет саласының ардагері, 2015 жылғы «Жыл адамы» атағының иегері, музыка маманы, ұстаз Әмина Сарманқызының туғанына биыл 80 жыл толып отыр. №2 ОӘҒК-ның ұйымдастыруымен Әмина Сарманқызының өнегелі өмірі мен ғибратты істерін насихаттау мақсатында «Өмірі – өнеге, өнері – үлгі» атты еске алу сағаты өткізілді.
Аталған іс-шараға Әмина апамыздың өнерде қатар жүрген әріптестері, ұстаздың ізін қуған шәкірттері, сондай-ақ, Арқалық қаласының құрметті азаматтары шақырылды. Ақын Мұқият Қойшыбайұлының арнауымен ашылған кеште «Қазына» халықтық хорының орындауында Ш. Қалдаяқовтың «Арқалықтың ақ таңы» әні, сондай-ақ, айтыскер, ақын Қ.Әбілдің «Бала махаббаты» әні шырқалды.
Кеште Аналар кеңесінің төрайымы Б.Аяғанқызы, Ә.Сарманқызының туысқандары Қ.Нұрманов пен К.Ғаббасқызы, Әмина апамыздың ұлы А.Айтмұханбетұлы сөз алып, шығармашылық жолы мен елі үшін атқарған еңбектеріне тоқталды. Өнер саласының ардагерінің өмірінен үзінділер көрсетіліп, домбырадан күбірлеген күй төгілді.
Өмірі – өнеге, өнері – үлгі