Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Қазақстанның Халық ақыны, атақты айтыскер, сөз сүлейі, сайыпқыран сатирик, қарымды қаламгер, тіл жанашыры, композитор, журналист, ұлттың жауһар өнері - айтыстың кемелденуіне өлшеусіз үлес қосқан – Қонысбай Әбілдің туғанына биыл 70 жыл толып отыр. №2 ОӘҒК - ның ұйымдастыруымен жерлесіміздің өнегелі өмірі мен ғибратты істерін насихаттау мақсатында «Тұлпар ғұмыр» атты әдеби - жыр кеші қаламыздағы Ә.Боранбаев атындағы театрда өткізілді. Аталған іс - шараға ағамыздың жерлестерін, ақынның ізін қуған шәкірттерін, сондай - ақ, Арқалық қаласының құрметті азаматтары шақырылды.Ақын Батырлан Сағынтаевтың арнауымен ашылған кеште Қонысбай Әбілдің «Аңсау», «Бала махаббаты» әндері шырқалды.Шәкірті Бағила Балмашеваның орындауындағы «14 жасар қыздың зары» әніне жиналған жұрт көзіне жас алса, кітапханашылардың дайындаған көрінісіне ризашылықтарын білдірді. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Ғабсалықұлы және ақынның туыс қарындасы С.Орекенқызы, шәкірті Айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев Қонысбай Әбілдің шығармашылық жолымен елі үшін атқарған еңбектеріне тоқталды. Айтыстардан үзінділер көрсетіліп, кеш «Ұлым, саған айтамын» атты өлеңімен қорытындыланды.
«Тұлпар ғұмыр»