"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
Астана – алты алаштың айнасы 6 шілде – Астанаға 20 жыл

 

02.07. 2018.

    

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жолдауында «2018 жыл  – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышы» деді.

 Әлбетте, кез келген қаланың  халықтың алғашқы қоныстануына, іргесінің қалануына және қалыптасып дамуына байланысты тамырлы тарихы болады. Астананың көне көмбедегі жәдігерлерімен хатталған түп-тамыры Бозоқ, Қараөткел секілді мәдени ошақтардан басталатыны, бергі бекініс болған кезеңінде хан Кененің атой салғаны, XX ғасырда одақтың тың игерушілердің кіндік қаласы атанғаны белгілі. Кеңестік Целиноград, кейінгі қазақстандық Ақмола қаласына астана мәртебесі мен атауының бірге беріліп, тәуелсіз ел тұсында тұғырлы елордаға айналуы шын мәнінде осыған дейін облыс орталығы қызметін атқарып келген шағын шаһарға ендігіде еліміздің түкпір-түкпірінен, шет мемлекеттерден келген тұрғындардың шоғырлануына, олардың жаңа қонысқа орнығуына жол ашты. Тарих көзімен қарасақ, жиырма жыл қас-қағым ғана сәт. Әйтсе де, осынша аз уақытта Астанамыздың адам танымастай өзгеріп, әлем танитын мегаполиске айналғанын зор мақтанышпен айтамыз. Бас қаламыз түрлі халықаралық шараларды абыроймен атқарып, аты жыл санап асқақтай түсуде. Сөзімізге ЮНЕСКО-ның елордамызды «Бейбітшілік қаласы» деп тануы дәлел болмақ. Астана мен ел Президентінің есімі егіз. Себебі, астананы оңтүстіктен сарыарқаның төріне, елдің орталығына көшіру Елбасымыздың көреген саясатының арқасында жүзеге асқаны баршаға аян. Дегенмен де, аз уақытта әлем таныған Астананы қалыптастыру бір адамның ғана емес, жалпы халықтың қолдауымен жүзеге асатыны мәлім. Сондықтан, Астана күні – халықтық мереке.

Осы айтулы мерекеге орай өнер бөлімінде кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қаланың тарихын шертетін әдебиеттер, елбасымыздың еңбектері, әсем де сымбатты қаланың  көркін бейнелеген фотоальбомдар, суретшілердің кітаптары көрмеден орын алды. Бұдан бөлек, мерзімді басылымдарда жарияланған Астана туралы қызық деректер, әндер мен өлеңдерді де көрмеден табуға болады. Көрмені тамашалауға баршаңызды шақырамыз!