Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір десек, ал кітап - адамға ұлттық құндылықтар мен тәрбие береді. Қаламыздағы облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапхана қала жұртшылығына рухани құндылықтар сыйлайтын қастерлі қара шаңырақтың бірі. 27 қазан күні әдістеме - библиография бөлімінің ұйымдастыруымен «Кітапхана оқу аймағы» тақырыбында аймақтық зерделі кеңес өтті. Аймақтық зерделі кеңестің мақсаты: Рухани жаңғыру тұсында рухани қазына кітаптың адамзат өмірінде алар орнын айқындаушы кітап пен кітапханашы ғана екенін түсіндіру. Қазіргі жаңарған ақпараттық қоғамда кітапхананың алар орнын айқындау. Аймақ кітапханашыларының кәсіби біліктілігін шыңдау. Сол арқылы қазіргі кітапхананы нағыз пікір алмасу, білім тарату, жаңашыл бағыттағы оқу аймағына айналдыра білу бағытын үйрету.
Зерделі кеңеске Жанкелдин, Аманкелді аудандық және Арқалық қаласындағы орталықтандырылған кітапханаларының кітапханашылары мен кітапхана басшылары қатысты. Кеңесте облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Борибаева Қазына Байсабекқызы «Кітапхана – жаңғыру дәуірінде», осы кітапхананың әдістемелік – библиография бөлімінің меңгерушісі Ахметжанова Асем Қабдуалиқызы «Ақпараттық – библиографиялық жұмыс: кітапхананың бүгіні мен ертеңі», Жанкелді ОКЖ-нің кітапханашысы Батырова Венера Чапайқызы «Кітапхана – ұлттық тәрбиенің қайнар көзі», Аманкелді ОКЖ-нің балалар бөлімінің меңгерушісі Мұсабаева Зарина Амантайқызы «Кітап – дәуір айнасы» тақырыбында баяндамалар тыңдалды, және де кітапханамыздың оқу залы бөлімінің кітапханашылары Көшкінбай Сымбат , Нұғыманова Гүлнұр «Жыл таңдауы – Үш кітап» атты шанс викторина өткізді. Сабақ барысында балалар әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Сандуғаш Есмағанбет орыс ақыны К.И.Чуковскийдың «Дәрігер Айболит» шығармасындағы дәрігер рөлін сомдап сахналады. «Кітап дәрігері» оқырмандарға кітапты қалай ұстауын, жыртылған жағдайда кітапты қалай түптеп,оған қандай ем-дом жасау керектігін түсіндірді. Аймақтық зерделі кеңес, сергіту сәтімен жалғасып, №2 ОӘҒК директоры бастаған «Кітап оқу: кеше, бүгін, ертең» атты дөңгелек үстелімен аяқталды.