"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
Ел рәміздері–ел рухы.

№ 2 облыстық ғылыми әмбебеп кітапханасының оқу залы бөлімінде,  елдіктің айрықша нышаны саналатын -  Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына – 26 жыл толуына орай  «Ел рәміздері–ел рухы»  атты зерде сағаты ұйымдастырылды. Зерде сағатының мақсаты - еліміздің рәміздерінің рухани байлығымыз, ұлттық белгіміз екені, оның нышанын таныта білу. Мемлекеттік рәміздерімізді қоғамдық құндылық ретінде қабылдауға ықпал ету. Қазақ елінің өз топырағында дүниеге келген, өз аңсарларымыз мүддесіне қызмет ететін тұңғыш ресми мемлекеттік белгілеріміз барша қазақстандықтар үшін тәуелсіздік тұмарындай. Елдік белгілер ел үмітінің шырағданы іспеттес. Көтерген туы жығылмай, асқақтаған әнұраны, әрдайым жарқын шырқала берсе екен деген тілек – қай халық үшін ерекше көкейкесті, ерекше қасиетті тілек. Ниеті адал барша қазақстандықтардың ізгі арманы да осы.
Зерде сағатына қаламыздағы агро-техникалық колледжінің  студенттері қатысты. Зерде сағаты Қазақстан Республикасының әнұранымен ашылып,  туған елінің рәміздеріне құрметпен қарау – елдіктің, отансүйгіштіктің, тұтастай алғанда, патриотизмнің шынайы бір белгісі екендігі жете түсіндірілді . Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің бет-бейнесі ғана емес, оның тарихы және әрбір адамның өз еліне деген сүйіспеншілігінің белгісі. Сондықтан, біздің мемлекеттік рәміздеріміз тарихтың тылсым тереңінен сыр тартып, бүгінгі азат елдің асқақ келбетін айшықтайды. Рәміздердің тарихы туралы бейне баян көрсетілді. Қалам Саламат Абайұлының орындауында «Ассаламалейкум» патриоттық ән шырқалды.  Айтулы мерекеге орай  «Ел рәміздері – ел рухы» атты көрме қойылып, біздің мемлекеттік рәміздеріміз тарихтың тылсым тереңінен сыр тартып, бүгінгі азат елдің асқақ келбетін айшықтайтын кітаптар  насихатталды.