04.04.2018
7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай облыстық № 2әмбебап ғылыми кітапханасының оқу зал бөлімінің ұйымдастыруымен Арқалық қаласының мемлекеттік педагогикалық институтының жатаханасында "Дені саудың – жаны сау" атты пайдалы кеңес сағат өткізілді.
Денсаулық - адамның ең қасиетті де құнды, жоғалтуға болмайтын, жоғалса қайта орына келуі қиын асыл қазынасы. Денсаулық – адам бақытының бірінші байлығы. Жастарға салауатты өмір салтының негізгі бағыт-бағдарын жеткізе отырып, өз денсаулықтарына жауапкершілік сезіммен қарауға тәрбиелеу мақсатында өткізілген іш- шарада денсаулық дегеніміз – адам жаны мен тәнінің амандығы екендігі жете түсіндірілді. Жағымсыз әдеттерден: ішімдік, темекі шегу, нашақорлықтан аулақ болу, дұрыс тамақтану, таза киіну, жақсы көңіл-күй, спортқа, дене шынықтыру жаттығуларына бейім болу салауаттылықтың негізі екені жайында пайдалы кеңестер берілді. «Аурулардың бәрі ауыздан кіреді» демекші, не жеп –ішкенімізді қадағалап, мән берсек, ұзақ, бақытты, сау ғұмыр кешетінімізді айта отырып, «Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі», «Тамақтану әдебі», «Салауатты өмір сүру» тақырыптарында тез дайындалатын фастфуд, гамбургер, сэндвич, чипсы, попкорн, тәтті газдалған сулардың адам ағзасына зияны туралы бейне фильмдер көрсетілді. Қазіргі заманда спортпен айналысқаннан гөрі ұялы телефонның, компьютерлердің алдына жиі, ұзақ отыруды күнделікті өмірде әдетке айналдыру да денсаулықтың бұзылуының бірден-бір сабептері екендігі де айтылыды. Денсаулығымыздың ең жақын көмекшілері - дәрумендер жайлы Гүлнұр Абайқызы мағлұмат берді. "Бірінші байлық - денсаулық" тақырыбында көрме ұйымдастырылып, кітаптар мен газет-журналдарға шолу жасалынды.