Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтың туғанына 120 жыл толуына орай құрылған кітап көрмесін оқырман назарына ұсынамыз!
Нұрхан Ахметбеков 1903 жылы қазіргі Қостанай облысындағы Жанкелдин ауданының Тосын құмында дүниеге келген. Торғай өңірінде алғашқы ауданаралық театр құрып, оның тұңғыш директоры қызметін атқарған. Ұлы Отан соғысы жылдарында жалынды жырларымен халықтың жігерін жандырып, жеңіске деген үмітін оятқан арқалы ақын. Жетімдік қасіретін шеккен болашақ ақын жалшылықта жүрсе де, тиіпқашып ауылдық молдадан хат таниды.
Халықтың ауыз әдебиетімен танысу Нұрхан талантының көзін ашып, көңілін оятады. Ол он жасынан өз бетімен өлең, жыр айтуға машықтана бастайды.
Атаулы көрме ақынның өмірі мен шығармашылығы, еңбек жолы, сонымен қатар газет беттерінен алынған «Нұрханның нұрлы жолы», «Нұрхан мен Майташ», «Нұрхан ақын ұрпағы» сынды мақалалармен өрнектеліп, ақынның шығармашылығы жайлы түйін сөздермен тоықтырылған. Нұрхан ақынның келешекке үлгі болар шығармашылық жолы мен өмір өткелдерін насихаттау мақсатында құрылған көрме көпшілік оқырман қауымға арналады. Қаламы жүйрік, талабы биік талант иелерін танып, біле жүрейік. Ақын жайлы ең қажетті деректермен таныс болыңыздар.
Ахметбеков классикалық шығыс үлгілерінің желісіне орайластырып бірнеше дастан шығарған. “Мың бір түн” ертегісінің оқиғасына байланыстырып “Қамарылзаман”, “Албан Жұпар ханым”, өткен кезеңдердегі тарихи оқиғалар сюжетіне “Есім сері”, “Қарға” дастандарын жазды.
“Күләндам” дастанында 1932 — 1933 жылдардағы қазақ, даласын жайлаған алапат аштық тұңғыш рет шынайы көрсетілді.
Ақынның ұзақ жылдар талмай жырлаған сүйікті кейіпкері — Амангелді батыр бейнесі. “Үрпек соғысы” өлеңі кейін “Амангелді” дастанына ұласты. “Жасауыл қырғыны” дастаны оқырмандардың жоғары бағасына ие болып, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.
Ақын мұрасы: шуақты жыр, көлемді дастан, екпінді толғау, алаулы айтыс шумақтары Егемен ел игілігіне айналып отыр. Топжарған ақынның терме, толғаулары, өлең-жырлары, көлемді дастандары халық аузында жиі айтылады.
Жасымда жаннан асқан алып болдым,
Жеріме барам деген барып болдым.
Тағдырдың тауқыметі амал бар ма,
Келгенде жас алпысқа кәріп болдым.
Осы шумақтар Нұрхан ақынның күрделі өмір жолының, шырқау шыңы творчестволық өнер жолының, белестерінен көрініс бергендей болады. Бұл шумақта қиын тағдыр тауқыметімен қоса, халықтың мұңы мен қуанышын жырға қосқан, ел игілігі үшін барша ғұмырын арнаған ақын ағанын асқақ армандары жатқандай.
https://arkalyk-ounb2.kz/novosti-kz/2887-25-07-2023-tor-ajdy-topzhar-any-n-rkhan-a-yn.html#sigProIdfeb7ca5347