- 02. 2018
Торғай өңірінен шыққан өнер және мәдениет қайраткерлері өте көп. Солардың бірі және бірегейі ҚР халық әртісі-Әнуар Боранбаев.
Жерлесіміз, театр және кино өнерінің дарабозы Әнуар Боранбаевтың туғанына 70 жыл толуы қарсаңында «Аққан жұлдыз жарығы...» портреттік кеш өтті. Кешке актердың туған інісі-Таңатқан Боранбайұлы арнайы шақырылды. Аманкелді ауданынан Ә. Боранбаев атындағы дарынды орта мектеп басшысы - Ержан Тілегенұлы, мектеп мұражайының қызметкері - Гүлсара Ерғазина, ұстаз - Шынар Аманжолова арнайы келіп кешіміздің қонағы болды. Қонақтар өз мектептері жайлы, мұрайжай жайлы видеоролик дайындап әкелген екен, экраннан көрсетілді.
Сонымен бірге, Әнуар Боранбаевтың Аманкелді ауданында орта мектепті бірге оқыған сыныптастары - Бастап ағай мен Ұмсынай Садыққызы Жылқыбаева, жастар, көпшілік оқырмандар, № 6 Абай Құнанбаев атындағы орта мектептің 10 сынып оқушылары ұстаздарымен, Торғай гуманитарлық колледжінің студенттері қатысты. Кеште актер өмір жолынан фотослайд дайындалып, экраннан көрсетілді. Әнуар Боранбаев жайлы түсірілген видеофильмді де тамашаладық. Кеште актердың өмірі, шығармашылығы, өнер жолы әңгіме болды. Облыстық жасөспірімдер театрының әртісі, әнші-термеші Ораз Қонысқараұлының домбырада орындауында «Ақтамбердінің термесі», Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұм» әні, Сегіз серінің әні «Гауһартас» тыңдалды.