"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
«Әй – әй әже, қай әже»

06.03.2018            

 

Шұғылалы сезім сәулелеріңізбен нұрландырып, даналықтың бастауы болған 8 наурыз -  Халықаралық әйелдер мерекесімен барша аналар мен қыз - келіншектерді құттықтап,  Арқалық қаласындағы  облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасының  оқу залы бөлімінде, отбасының алтын діңгегі саналатын әжелерімізбен  «Әй – әй әже, қай әже» атты  әжелер сайысы өткізілді.

 

Іс- шараның басты мақсаты әжелеріміздің ұлағатты сөздерін, істерін үлгі ете отырып, жастарымыздың бойына ата-бабамыздың әдет-ғұрпын, адамгершілік, инабаттылық,үлкенді сыйлау қасиеттерін сіңіру.Байқау бағдарламасы қазақ халқыны қасиетті саны 7 кезеңнен тұрды. «Сәлем – сөздің атасы» кезеңінде әжелер өздерін таныстырды. «Салт-дәстүрім – ұлттық байлығым», «Халық тәлім –тәрбие бастауы» кезеңдерінде бәсекеге түсіп, «Өнерлі өрге жүзеді» бөлімінде өнерлерін ортаға салды, «Шебердің қолы алтын», «Әжемнің дәмді тағамы» , «Әжемнің ақ батасы» атты кезеңдерден де аналарымыз  білімділігімен, мәдениеттілігімен, қазақтың салт-дәстүрін бойына сіңіріп өскен даналығымен әжелеріміз  өз деңгейлерінде өнерлерін  көрсете білді. 

 

Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Аяғанқызы,Күлайхан қажы Сабыржанқызы, кітапханамыздың бұрынғы басшысы, кітапхана ісінің үздігі төсбелгісінің иегері, оқу залының меңгерушісі Алма Жақсылыққызы,  Арқалық қаласының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының  инспекторы, полиция  капитаны Еркегүл Байдосова  сайысқа төрелік етті.

 

Әділ қазылардың шешімі бойынша, Бекқожина Шынар анамыз  «Әй - әй әже», Ғабдрахманова Рузия анамыз «Данагөй әже», Нұргалиева Балдырған анамыз «Парасатты әже», Ғабдуалиева Несіп анамыз «Өнерлі әже» номинацияларымен марапатталып,сыйлықтар берілді.

 

Сайыс кезеңдерінің арасында аналарға арнап кітапханамыздың тұрақты оқырманы Ербол Тұяқұлы «Асыл әже», «Аяулы ана» әнін, Арқ МПИ студенттері Айдана «Әсем ән», Гүлизат «Құстар» әнін шырқады.

 

Кітапханамыздың басшысы Қазына Байсабекқызы құттықтау сөз сөйледі.Іс-шара жергілікті «Арқа дидары» телеарнасы арқылы  насихатталды. Сайысқа қатысушылар да, көрермендер де, мерекелік жақсы әсерде болғандарын айтып, алғыстарын білдірді.