«Торғай топжарғандары» жобасы аясында, Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні қарсаңындағы «Асылдар туып, арыстар шыққан текті ел» кітап апталығының екінші күні өнер секторы халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің 120 жылдығына арналған «Сырлы ақынның нұрлы жолы» тақырыбында танымдық кеш өткізді. Кеш қонақтары: өлкетанушы Шөптібай Байділдаұлы, Арқалық педагогикалық институтының аға оқытушысы Ардақ Абдуллина, дала өлкетану мұражайының қызметкері Батырлан Сағынтаев, зейнеткер ұстаз Қуанышбай Қабенұлы. Кеш барысында торғайлық ақындық мектебінің тарихы, кезеңдері мен өкілдері туралы айтылды. Қонақтар жерлесіміздің өмірі, ата-анасы, ұстазы, шәкірттері мен шығармашылығы жөнінде естеліктермен бөлісті. Ақынның суырыпсалмалық өнеріне кеңінен тоқталған Батырлан Жұмабайұлы жиналған қауымның ризашылығына бөленді. Ақынның өлеңдері, дастандары сөз болып, Қуанышбай Қабенұлының орындауында «Қарға» дастанынан үзінді тыңдалды. Күй орындалып, жырдан шашу төгіліп, ақынның Торғайдағы мұражайы туралы видеоролик көрсетілді. Артына мол әдеби мұра қалдырған ақынның есімі ардақталып, еңбектері насихатталды.
18.04.2023 «Сырлы ақынның нұрлы жолы»