Облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасында әдістеме-библиография бөлімінің ұйымдастыруымен қарымды журналист Жақсылық Жүнісұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Қаламы ұшқыр журналист» атты жаднаманың тұсау кесері өтті.
Іс- шараның мақсаты: оқырманға жарты ғасыр бойы қалтқысыз қызмет еткен қаламгер Жақсылық Жүнісұлының өмірі мен еңбек жолын таныстырып, шығармашылық еңбектерін насихаттау.
Іс-шараны, жаднаманы өңдеп құрастырушы, кітапхана библиографы Ермағанбет Сәуле Ғалымжанқызы жүргізіп отырды. Жаднаманың І бөлімі - «Өмір: өткендері мен жеткендері» деп аталды. Бұл бөлімде Жақсылық Жүнісұлының өмірі мен еңбек жолдары кеңінен қамтылған.
ІІ бөлім - «Серік етіп қаламды». Жақсылық Жүнісұлының не жазса да, жауапкершілік пен жинақылықтан ауытқымауы, қара қылды қақ жаруға тырысуы – оның қолтаңбасының басты ерекшелігі еді. Қашанда, айтар ойын шегелеп, ноқталап жеткізеді. Оның көкейтесті мәселелер көтеріп, көпшілікті елең еткізерлік, өзекті мәселелерді арқау еткен мақалалары газет – журналдарда басылған. Бұл бөлімде Жақсылық ағаның сонау 1976 жылдан осы уақытқа дейінгі мерзімді басылымдарда жарияланған шығармалар тізімі берілген.
Жаднаманың ІІІ бөлімі - «Қарымды қаламгерді құрметтеп» деп алынды. Бұл бөлімде мерзімді басылымдарда әріптес іні-қарындастарының Жақсылық Жүнісұлы туралы және ол кісінің жазған мақалалары жайлы ой – пікірлері берілген.Сонымен қатар, үзенгілес соңынан ерген қаламдас інілері Нағашыбай Мұқатов пен Мұқият Қойшыбайдың Жақсылық Жүнісұлына арнаған арнаулары, «Экономика» баспасының бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Бекболат Әдеттің, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Қайсар Әлімнің, профессор Темірбек Қожакеевтің, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Орысбай Әбділдаұлының ағамызға білдірген жылы лебіздері берілген.
ІҮ-ші - «Тағылымы мол еңбек» бөлімінде - Жақсылық Жүнісұлының кітаптарына шолу жасалды.
Қарымды қаламгер «Сыр сандық» , «Дала дарабоздары», «Жылдар жаңғырығы», «Табиғатпен егізбін», «Қарымы бөлек қаламгер: толғамдар, пікірлер, арнау өлеңдер, қағытпалар», «Топжарғандар туралы толғау: сұхбат, ой-толғамдар, мақалалар» атты кітаптардың авторы. Торғай өңірінің өнер өрендері, тамаша түлектері туралы толғана жазды, қарапайым еңбек адамдарын, игі жақсыларын мақтанышпен елге үлгі етті. Ел ішіндегі талант иелеріне, әдеби туындыларымен оқырман жүрегіне жол тапқан ақын – жазушылардың, өнері мен тыңдаушысын тәнті еткен сахна саңлақтарының ерен еңбегі мен абыройы аспандаған өндіріс шамшырақтарының өмірінен ой толғап, жұрттың көкейінде жүрген өзекті мәселелердің төңірегінен әңгіме қозғайды. Өнер зерттеушісі Күланда Бөкешова, ақын Әбжан Әбілтай, журналист Аңсаған Атымтаев, мүсінші Әбілбек Ұзақұлы және т.б. жайлы ой – толғамдары соны айғақтайды.
Жаднаманың V бөлімі - «Суреттер сыр шертеді». Бұл бөлімде аты айтылып тұрғандай, Жақсылық Жүнісұлының әр-түрлі кездесулердегі және еңбек, өнер адамдарымен сұхбаттасу кезінде түсірілген естелік суреттері берілген.
Сонымен қатар, Жақсылық ағаның әрі досы, өлеңнің өрен жүйрігі, ақын Серік Тұрғынбекұлының «Жақсылық жайлы жыр» атты өлең хатын кітапханашы Сымбат Көшкімбай мәнерлеп оқып берді. Тағылымды іс-шараға мерей той иесінің жұбайы Б. Оңайқызы, Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің студенттері мен кітапхана қызметкерлері қатысып, замандасы Л. Ерғалиева мен «Кітапхана ісінің ардагері» А. Ж. Нұрманова жылы лебіздерін білдірді.
Әсерлі естеліктермен өріліп, әсем әнмен астасқан іс-шараны кітапхана директоры Қ. Б. Борибаева қорытындылап, ардагер журналистке ескерткіш сыйлық табыс етті. Қарымды қаламгер кітапхана ұжымына ризашылығын айтып, алғысын білдірді.