Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасының өнер секторының ұйымдастыруымен "ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері", "Арқалық қаласының құрметті азаматы", Арқалық қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Жәнібек Ғапбасұлының 75 жасына арналған "Елі қадірлеген ел ағасы" тақырыбында сұхбат кеш өткізілді. Шара барысында құрметті мейманымыздың өмір дерегі айтылып, еткен еңбегі мен өнегеге толы қызметі сөз болды. Әрі қарай кеш сұхбат түрінде жалғасын тапты. Қонағымызға туған жері, ата-анасы, еңбек жолы, отбасы, бүгінгі атқарып жатқан қоғамдық жұмыстары жөнінде сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар алынды. Аталған іс-шараға қаламыздың зиялы өкілдері: өлкетанушы Шөптібай Байділдаұлы, Арқалықтың байырғы тұрғыны Қайырден Тұрсынбайұлы, қалалық "Қазына" ардагерлер хор ұжымының мүшесі Бақытжамал Аяғанқызы, педагогикалық институтының педагогика және филология факультеті деканының орынбасары Қанат Сейтқасымұлы, Арқалық қаласының тілдер оқыту орталығының басшысы Абзал Қуанышұлы (шәкірті) сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Кездесуде кітапхана қорындағы Жәнібек Ғапбасұлының 2009 жылы Қостанай қаласының "Шапақ" баспасынан шыққан "Ғұмырдария" кітабына, арнайы жасалған жаднамаға шолу жасалып, қонағымызға арналған фотослайд көрсетілді. Кеш соңында, кітапхана басшысы Қазына Байсабекқызы сөз алып, Жәнібек Ғапбасұлына алғыс білдіріп, ұлтымыздың дәстүрі бойынша ағамыздың иығына шапан жабылды. Әннен шашу шашылып, өлкенің танымал азаматтарын насихаттау мақсатында өткен ізгілікті кеш болды.