ҚР Мемлекеттік сыйлығының, М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты «Құрмет» (2001), «Парасат» (2008) ордендерімен марапатталған, дарынды қаламгер Дүкенбай Досжанның 80 жылдығына орай, жазушының өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында құрылған «Құдіретті қалам иесі» тақырыбындағы кітап көрмесін назарларыңызға ұсынамыз. Қаламгер 1942 жылы 9 қыркүйекте Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Құланшы аулында дүниеге келген. 1964 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ- ді үздік аяқтаған.
Алғашқы өлеңі 15 жасында жарық көрген.
Көрмеде Дүкенбай Досжанның «Жүз әңгіме» екі томдық жинағы, таңдамалы шығармалары, «Жан құмары», «Терезенің жарығы», «Абайдың рухы», «Келіншек асуы», «тарланбоз» сынды шығармашылық жолындағы кереметтей еңбектері берілген.
Дүкенбай Досжан ХХ ғасырдың 60-жылдары әдебиетке келіп, қазақ прозасының дамуына айрықша үлес қосты. Оның құнарлы қаламынан 10 роман, 20-дай хикаят, 100-ден аса әңгіме дүниеге келіп, қалың оқырманның рухани қазынасына айналды. Әлемнің 20 тілінде жеке кітаптары, 2002-2003 жылдары аралығында 13 томдық шығармалар жинағы жарық көрді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 60 жылдай жабулы мұрағатына алғаш енген жазушы сот құжаттары желісімен «Абақты» (1992) дерекнама кітабын және 1986 жылғы Желтоқсан қырғынының қанды ізімен «Алаң» (1993) романын жазды.
Қазақ сөз өнерінің ірі өкілі болған қаламгер Дүкенбай Досжанның еңбекқор, қарапайым, аяулы бейнесі ел есінде сақталады. Қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған үздік шығармалары оқырмандармен бірге жасай береді.