Бүгін кітапханамызда «Жадымда қалған Желтоқсан» тақырыбындағы желтоқсан көтерілісінің куәгері, мәдениет пен өнер саласын насихаттауда өлшеусіз еңбек еткен, «Кітапхана ісінің үздігі», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгілерінің иегері, кітапханамыздың өнер бөлімінің меңгерушісі Әубәкірова Әлия Қарсақбайқызымен кездесу кеші өткізілді.
Іс-шараның мақсаты 1986 жылдың тарихи маңызы, сол кездегі тәуелсіздік жолындағы күрес, қаһарман жастардың азаттықты аңсаған арман тілегін, ерлігін насихаттау болып табылады.
Кездесу кеші сол кездердің ызғарлы лебі суреттелген бейнебаяннан бастау алып, Желтоқсан көтерілісінің басталуы, тарихы жайлы әңгімелеумен жалғасты. Кеш қонақтары үздік өлкетанушы, қолөнер шебері Шөптібай Байділдаұлы мен қаламыздағы дала өлкесі тарихи мұражайының ғылыми қызметкері Рая Мүсілқызы өз ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қатар іс-шара барысында желтоқсанға арнау өлеңі оқылып, патриоттық әндер шырқалды. Кереметтей тағылымды кешіміздің көрермендері Торғай гуманитарлық колледжінің студенттері болды.
Қазақ халқы үшін 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасының» орны ерекше. Бұл көтеріліс – ұлт тарихында болған ақтаңдақтардың бірегейі. Талай боздақтарды арамыздан ерте алып кеткен қанды желтоқсан.
Желтоқсандық өрендер ұмытылмайды, ерліктері мәңгілік сақталады, бұл ел тарихында кейінгі ұрпақ мәңгі қастерлеп, өтетін күн.