"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
«Азаттық аңсаған ақын» «Бір ел-бір кітап-2017» акциясы

Өткен ғасырда қазақ зиялылары бастаған Алаш үкіметінің  арман мақсаты да ұйқыдағы халықты оятып, Тәуелсіз ел болу еді. Мінеки, сол Тәуелсіз Қазақстан тарихында биыл ерекше жыл. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламаның аясында және алаш қозғалысына 100 жыл толуына орай, жылдағы дәстүр бойынша «Бір ел –бір кітап» акциясы алаштың ардақты ақыны, қайталанбас тұлға, артына өшпес із қалдырған, қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдыздарының бірі Сұлтанмахмұт Әубәкірұлы Торайғыровтың шығармаларына арналады.


Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, қоғамның оқуға деген ықыласын көтеру. Осы акцияға орай 


Арқалық қаласының №2 облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының абонемент бөлімінде «Азаттық аңсаған ақын» атты қорытынды әдеби кеші өтті.


Сұлтанмахмұт Торайғыров қысқа өмірінде көптеген маңызды шығармалар жазғаны соншалық, ол ұлттық мәдениет тарихында құрметті орынға ие болды. Өмірлік жолында кездескен қиындықтарға төтеп беріп, Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің қайсар мінезін көрсетті. Ақынның өмірде ұстанған ұраны, оның білімге, ғылымға, өнерге деген талпынысы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан емес.


Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 28 қазанда Баянауыл ауданында малшы отбасында дүниеге келген. Әкесі-Әубәкір кедей болған, бірақ хат таныған адам. Бір жасында анадан айырылып, жетімдікті көріп өседі. Қуанышсыз балалық шақ, жартылай аш өмір — осының бәрін Сұлтанмахмұт басынан өткерді. Хат тануды ол әкесінен, кейін (1902-1907) молдадан үйренді.


Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам.

Қараңғылықтың көгіне,


Күн болмағанда кім болам, - деп жырлаған ақынның шын мәнінде де, бүгінде қазақ аспанындағы рухани сәуле шашып тұратын ең жарық күндердің бірі болып мәңгілікке қалғанына ешкімнің де таласы жоқ екені анық. Өз дәуірін жанартаудай жарып шығып, қара түнде жарқылдаған найзағайдай жалын атқан ақын, аққан жұлдыздай небәрі 27-жасында дүниеден қыршын кетті.


Кеш барысында ақынның  ұлтын, туған жерін жан жүрегімен елжірей сүйіп жазған өлеңдерін студенттер өз нақышына келтіре оқып берді. Оқырмандар назарына  «Шәкірт ойы», «Оқу», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Мен қазақ», «Кедей» өлеңдерін .Айдар Айбек, Байқұла Елжас, Нұржаубаева Лаззат, Сапарғали Тоғжан мен Байдиров Азамат оқыса, «Қамар сұлу» романынан Айбек Қуаныш пен Кенжебек Айсұлу  үзінді оқыды.№3 жалпы орта білім беретін мектебіінің 10 сынып оқушысы Ануаров Наурызбай С.Мәуленовтың  «Сұлтанмахмұт қабірінде» өлеңін оқып, арнау өлеңін айтты. Сонымен қатар С.Торайғыров туралы айтылған пікірлерді бейнежазбадан тамашалады. Кешке Самыратова Лайла Абдрахманқызы бастаған политехникалық колледж студенттері мен Арқалық қаласының көп салалы колледж студенттері белсенді қатысты.  Кеш соңында Арқалық қаласының политехникалық колледж студенті Бектұрсынова Майяның орындауында «Қазақ елі» патриоттық әнімен аяқталды.