Өлке тұлғаларын уақытылы жастарға насихаттау, кейінгі ұрпаққа үлгі болар Орекен Алматұлының өмірі мен атқарған еңбегінен сыр шертіп қазақ жастарына үлгі ету, қалың оқырман қауымға насихаттау мақсатында әдістеме-библиография бөлімі өлкетанушы, тарихшы, шежіреші, абыз қария, «Қазына» атты ардагерлер ансамбілінің белсенді мүшесі Орекен Алматұлының 85 жылдығына арналған «Тұнған тарих иесі» атты жаднаманың тұсаукесерін өткізді. Іс-шараға Орекен ағамыздың туған қарындасы, елімізге танымал Социалистік Еңбек Ері Жексенбай Қондышұлының келіні Тыныштық Алматқызы, Арқалық қаласының құрметті азаматы, өлкетанушы Шөптібай Бәйділдаұлы, Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер-ұстаз Жәнібек Ғапбасұлы, баласы Нұрхафиз Орекенұлы, келіні Сәуле Ахметқызы қатысты. Жаднама Орекен Алматұлының өмірдеректері, шығармалары, естелік суреттері, жылы лебіздері, арнау өлеңдермен қамтылып және бейнефильмдер көрсетілді. Іс- шара қонақтары Орекен Алматұлына қатысты деректермен бөлісіп, сағынышпен еске алып жылы лебіздерін білдірді. Тұсаукесердің ән шашуын Жақан Нұрислам «Батырлар ұраны» әнімен бастап, Нұрхафиз Орекенұлының «Әкеге арнау» әнімен қорытындыланды.


























