Сұлу дала! Менің сүйген еркемсің,
Жаным сенен жаратылған өлкемсің.
Қандай жақсы, қазақ болып туғаным,
О, туған жер, тамашасың көркемсің!.
- деп ақын ағаларымыз жырлағандай біздің халқымыздың атамекенді ардақтау сезімі өте терең, сондықтан да туған жерді қасиет тұту – қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным біздің жанымызға ана сүтімен тараған, ана тілімен дарыған. «Туған жер – тұғырың, туған тіл - қыдырың» деп бекер айтылмаған. Туған жер, туған тіл адамға қандай ыстық, қандай қымбат! Оның қасиетін, қадірін бір сөзбен, бір өлең шумағымен айтып жеткізу мүмкін емес. Туған жеріміздің тарихын білу – келер ұрпақтың, біздердің міндетіміз деп білеміз. Өйткені өткенін білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Ақын – жыраулар мен жазушылардың шығарма өзегі болған, алыс кетсек сағына аңсайтынымыз да – туған жер.Әр белі мен сайы, әр бұтасы мен бұлағы, тіпті күннің көзі де ерекше түсетін жер де – туған жер. Қазан айының 18- ші жұлдызында Арқалық қаласының 61 жыл толуына орай «Атамекен – алтын бесік» атты әдеби сандықша іс-шара өткізіліп, Арқалық қаласы туралы мәлімет беріліп, экраннан слайд – шоу көрсетіліп, 4- бөлімнен тұратын сайыс ұйымдастырылды.
Мақсаты: Арқалық қаласының 61 жылдық тарихына арналған, өлкемізді тану, қаланың бүгінгі бет - бейнесі, еліміздің еңбек ардагерлері туралы, ел экономикасының даму бағыттары туралы оқырмандарға таныстыра отырып, туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыру. Іс-шара барысында Торғай гуманитарлық колледжінің саз бөлімінің 4 – курс студенті Якуда Алтынхан «Торғайым», «Туған жер» атты жүрек жарды әсем әндерін тарту етті. Кешіміздің қортынды сөз кезегін кітапхананың оқу залының меңгерушісі Нұрманова Алма Жақсылыққызына беріліп,сайысқа қатысқан әр топ басшысына кішігірім сый сияпат табысталды. Іс-шараға қатысушылар туған жерге деген көптеген мәліметтер алып, көтеріңкі көңіл күймен естелік суретке түсті.