Алаш қайраткері, ғалым Елдес Омарұлының өміржолы мен қызметі, жазған еңбектерімен таныстыру, қазақ ғылымы үшін қосқан үлесі туралы оқырмандарға мағлұмат беру мақсатында ақын, жазушы, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі Ақылбек Қожаұлы Шаяхметпен ZOOM платформасы арқылы кездесу өтті.
Елдес Омарұлы Қостанай өңiрiнiң Тобыл болысында, қазiргi Таран ауданына қарасты Қожай ауылында 1892 жылы дүниеге келген. Әуелi Ыбырай Алтынсарин ашқан Қостанайдағы екi жылдық қазақ-орыс мектебiнде бiлiм алып, кейiн Орынбордағы мұғалiмдер институтын үздiк бiтiрiп шығады. Азамат соғысы жылдары Елдес Омарұлы Қостанай уезi бойынша «Алаш Орданың» комиссары және Қостанайдағы бөлiмшесiнiң төрағасы дәрежесiнде қызмет еттi. 1920 жылдардан бастап Орынбордағы халыққа бiлiм беру комиссариатының мектеп бөлiмiнде қызмет ете жүрiп, өлкелiк академиялық орталықтың қызметкерi болды. Қоғам қайраткері, публицист, ұстаз, аудармашы Елдес Омарұлы Орынборда шығатын «Қазақ» газетінің белсенді авторларының бірі болды. Оның әріптестері мен достары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты көрнекті қоғам қайраткерлері болды. Қазақ мектептерi үшiн арнаулы оқулықтар жазып, бiрқатар кiтаптарды орыс тiлiнен қазақ тiлiне аударады. Ғалымның көптеген кiтаптары Орынбор, Ташкент, Қызылорда қалаларында жарық көредi. Бұл кiтаптардың бiразы тiлтануға, қазақ тiлiнiң грамматикасына арналса, ендi бiразы хрестоматиялық негiзде құрастырылған. 1937 жылдың 22 қарашасында тұтқынға алынып, 1 желтоқсанында Алматы облыстық НКВД бөлiмiнiң үштiгi тергеп-тексермей-ақ, оны ату жазасына кеседi.