"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
«Тәуелсіздік тарландары»

Биылғы жылы еліміздің егемендік алғанына айтулы 30 жыл толып отыр. Осы мерейтойдың аясында елімізде түрлі іс-шаралар атқарылып жатыр. Арқалық қаласындағы облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен, қыркүйек айының 14 күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Еңбек күніне» арналған «Тәуелсіздік тарландары» атты педагогика саласының ардагері Ляззат Байтуриновна Жексембаевамен кездесу өткізілді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты: қоғамдағы адам еңбегінің беделін өсіру, жұмыс әулетіндегі көпжылдық дәстүрді нығайту, елбасының жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеясын нығайту шеңберінде ұстаз еңбегін насихаттау. Кездесуге Нәзипа Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің студенттері мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Ляззат Байтуриновна Жексембаева – Шығыс Қазақстан облысының тумасы, Риддер қаласынан. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін 1978 жылы аяқтаған соң Арқалық педагогикалық институтына жолдамамен келіп, филология факультетінде 40 жылдан астам еңбек еткен.
Шара барысында ұстаздық еңбек жолындағы кезеңдері жөнінде сөз етіп, Ляззат Байтуриновна ерінбей қызмет етудің, оқу-білімнің арқасында ғана көптеген жетістіктерге жетуге болатынын баяндады. Болашақ ұстаздарды жаңа заман талабына сай жан-жақты болып, әрдайым өзін-өзі дамытып отыруға, аянбай еңбек етуге шақырды.
Ұлағатты ұстазбен өткізілген кездесу келелі әңгімеге ұласып, тағылымы мол өнеге беретін «Тәуелсіздік тарландары» кітап көрмесін тамашалаумен аяқталды.