«Біз отбасы құндылығын нығайтуымыз керек, өйткені мемлекет осы отбасынан басталады» - деген елбасы Н.Ә.Назарбаев. 2012 жылдың
1 наурызында Президент қол қойған Жарлыққа байланысты, 2013 жылдан бастап «Отбасы күні» мерекеленіп келеді. Кітапхананың өнер секторы ұйымдастыруымен өткен арнау кешке Арқалық қаласының тұрғындары – Жұмабаевтар отбасы шақырылды. Отбасының отағасы-Жұмабаев Мейрамғали Торғай гуманитарлық колледжінің музыка бөлімінде ұстаз болып қызмет етеді. Жұбайы–Жақсыгүл Бөлтірікова Арқалық педагогикалық институтының «Музыка және бейнелеу өнері» кафедрасының аға оқытушысы. Жақсыгүл сонымен қатар Гуманитарлық колледжі мен Бақытжан Байқадамов атындағы саз мектебінде қобыздан сабақ береді. Қонақтар орта мектепті аяқтаған соң Арқалық қаласындағы музыка училищесінде оқып, арнаулы білім алғаннан соң, «Шертер» ансамблінде қызмет еткен. Бүгінде үш бала тәрбиелеп отырған ата-ана елге сыйлы, өнер-мәдениет саласында еңбек етуде. Отбасының үлкені Мирасхан Мейрамғалиұлы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің әртісі. Екінші ұлдары Астанада әскери салада қызмет етуде. Кенжелері Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның жетінші сыныбында оқиды және саз мектебінде «қобыз» класында дәріс алып жүр. Арнау кеш қонақтары өз отбасылары, жеткен жетістіктері жайлы әсерлі әңгімелер айтып отырды. Жақсыгүл Ибрагимқызы институтта қызмет ете жүріп, студенттерге арналған әдістемелік құралдар шығарып таратса, сонымен бірге сазгер Болат Хамзиннің тікелей шәкірті екенін мақтан ете отырып ұстазы жайлы «Өмірін өнерімен өрнектеген» атты кітапша шығарғаны жайлы тоқталып өтті. Ұстазы құрметіне сазгердің «Арайлы Арқалығым» әнін тыңдармандарына орындап берді. Жастар сұрақ қойып өз ойларымен бөлісті. «Ана-дария» клубының жетекшісі, ұлағатты ұстаз, ене бағып отырған ардагер ана, әже-Бақытжамал Қалтаева отбасына алғыс айтып, бата берді. Кешке Торғай гуманитарлық және Медицина колледждерінің студенттері ұстаздарымен қатысып кештен тәлімді сабақ алды. Арқалық педагогиқалық институтының музыка бөлім студенті Қасымханова Ажар кеш қонақтарына әннен шашу шашып кеш ажарын келтірді. Кеш соңында құрметті қонақтарға алғыс айтылып, сый-сыйапат жасалды. Қонақтар жастармен суретке түсіп естелік қалдырды.
«Отан-қуат, отбасы-шуақ»