"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
БІЛІКТІЛІК ШЫҢЫ - БИБЛИОГРАФИЯ

Облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапханасы әдістеме- библиография бөлімінің ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 5 шілде күні Арқалық қаласындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде кітапханашыларға арналған «Библиографиялық өнімді құрастыру»  атты  аймақтық көшпелі зерделі кеңес өтті.

Қазіргі ақпараттық қоғамда анықтама- библиографиялық қызметтің өрісі  кеңейе түскені, жаңашыл сипатқа ие болып отырғаны бүгінгі заман қажеттілігі. Аймақтық  зерделі кеңестің мақсаты: 
Библиографиялық жұмыстың кітапханашылар үшін алар орнын анықтап  түсіндіру;

  • Кітапханашыларға библиографиялық басылымдарды жаңаша дайындау кезінде әдістемелік ұсыныстар беру;
  • Библиографиялық көрсеткіштерді құрастыру, ақпараттық- библиографиялық қызметтің нәтижелерін есепке алу, тізімдер жасау барысында әдістемелік көмек көрсету.

Аймақтық зерделі кеңесті облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Қ.Б.Борибаева  ашып, «Кітапхана ісінің» ардагері А.Ж.Нұрманова  құттықтау сөз сөйлеп, кеңеске қатысушыларға сәттілік тіледі. Аймақтық зерделі кеңеске Жангелдин, Аманкелді аудандық және Арқалық  қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары мен кітапхана басшылары қатысты. Кеңесте әдістеме-библиография бөлімінің меңгерушісі Ә.К.Ахметжанованың «Библиограф мамандығы: мәні, маңызы және кәсіби этикасы»,  №2 ОӘҒК директоры Қ.Б.Борибаеваның «Библиографиялық құралдарды құрастыру- библиографияның маңызды бөлігі» ,  №2 ОӘҒК библиографы Г.К.Сейтқожинаның «Библиографиялық өнімнің құрастырылу ережесі мен рәсімделуі»  атты баяндамалары тыңдалды. Арқалық  қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі кітапханашылары ұйымдастырған «Ой- өрісімізді сергітейік» библио-шоуы өтті. Библио –шоу еңбек ардагері, қаламгер Қоңысбай Ағуановтың «Адамгершілік молекуласы»  атты кітабының тұсаукесерімен басталды.  Автор бұл туындысында өзінің өмір жолында көрген, естіген және жан – жағында болып жатқан құбылыстарға өз көзқарасын  білдіреді. Өмірдегі ұстанымы және алған тәлім –тәрбиесінен туындаған түйіндеулерін оқырман назарына ұсынуды  жөн көрген. Автордың 24 дана  кітабы кітапханаларға сыйға беріліп, оқырмандарға жол тартты. Библио-шоу бірнеше кезеңдерден тұрды. Кітапханашылардың  білімі мен біліктілігін айқындау мақсатында бірнеше  кәсіби  сұрақтар қойылып, ойындар ойналды.

Арқалық  қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде  «Ауылым – алтын бесігім» атты жобасы жұмыс жасайды.  Орталық кітапханада  жоба аясында өлкетану бөлмесі ашылған. Өлкемізден шыққан алғашқы тың игерушілердің төлқұжаттары, фотосуреттері, мақтау қағаздары мен пайдаланған заттары, ауыл тұрғындарының қолынан шыққан қолөнер, зергерлік бұйымдар  сақталған.  Осы кітапхананың директоры Дәмет Есенжолқызы Құсайын кеңеске қатысушыларды өлкетану бөлмесімен таныстырып, кітапханаға саяхат жасады.

Зерделі кеңестің екінші бөлімінде кітапханашылар библиографиялық өнімдерді құрастыру жөнінде  өз ойларын  ортаға салып, тәжірибе алмасты.

Алдағы уақытта да  осындай айтулы  іс-шаралар  өз жалғасын табады  және бүгінгі күннен  әр кітапханашыңың бойында ұмытылмас әсер қалғаны сөзсіз.