Облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасының әдістеме-библиография бөлімінің ұйымдастыруымен биылғы жылдың атаулы күндерінің бірі- Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Шерлі жылдар шежіресі» тақырыбында аймақтық зерделі кеңес болып өтті.
Аймақтық зерделі кеңестің мақсаты: Алаш қозғалысының тарихынан терең сыр шертіп, алаш қайраткерлерінің жасаған еңбектерін болашақ жастарға үлгі қылып, қазақ халқының ғасырлар бойы өткен қиыншылықтарын айта келіп, осы зұлмат жылдары елінің азаттығын аңсаған ұлт зиялыларына тоқталу,кітапханада Алаш жайлы жазылған кітаптар мен мерзімді басылымдардағы жарияланған мәліметтерді оқырмандарға насихаттау. ұлтжандылыққа, патриоттыққа тәрбиелеу, елін, ұлтын сүю және мақтана білуге жағдай жасау, ұлт көсемдерін құрметтеуге, өмірлерін, істерін үлгі ете білуге үйрету.
Бүгінгі ұрпақтың кешегіні білуі, бағалауы ұлтымыздың болашағы үшін қажет. Соның ішінде, халқымыздың рухани өміріндегі ең қасиетті мол қазына алаш арыстарының мұралары. Алаш зиялыларының еңбектері туралы бүгінгі күнде жазылып та айтылып та жатыр. Олар насихатталып, бүгінгі ұрпаққа пайдасы тиюі керек.
Зерделі кеңесті кітапханамыздың басшысы Қазына Байсабекқызы ашып, қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Алмагүл Сейтжанқызы құттықтау сөз сөйлеп, кеңеске қатысушыларға сәттілік тіледі. Аймақтық зерделі кеңеске Жанкелдин, Аманкелді аудандық және Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары мен кітапхана басшылары қатысты.
Кеңесте әдістеме – библиография бөлімінің меңгерушісі Ахметжанова Әсем Қабдуалиқызының «Алаш демократиялық автономиясының құрылуы және оның тарихи маңызы» , әдіскер - кеңесші Ермағанбет Сәуле Ғалымжанқызының «Алаш қозғалысының ғасыр тарихы баспасөз беттерінде және оның кітапханада насихатталуы», Жангелдин орталықтандырылған кітапхана жүйесінің библиографы Нұрғазина Майра Бағдақызының
«Алаш қайраткерлерінің тарихи тағдыры мен тағылымы», «Алаш және әдебиет» атты баяндамалары тыңдалды. Кітап - білім бұлағы. Ал талайды білім нәрімен сусындатар кітаптар біздің кітапханамызда толы. Олай болса Алаш әдебиеті жайлы жас маман, ақпарат және қызмет көрсету секторы кітапханашысы Тұрсынғалиева Ханзада Дарханқызы электрондық кітап көрмесі арқылы алаш әлеміне саяхат жасады.
Тарихымыздың ұзын сонар, сан қилы жолынан өткен мәдени үрдістерімізді шашау шығармай бүгінгі мен келешек мұрасына айналдырып, келер ұрпаққа насихаттаушы №2 ОӘҒК библиографы Сейтқожина Гүлнар Кенжеғазықызының «Азаттықты аңсаған Алаш жолы» био-библиографиялық көрсеткіштің тұсаукесері болып, зерделі кеңес соңы оқу залы бөлімінің кітапханашылары Аубакирова Кенжегүл Молдахметқызы мен Серикова Нүргүл Рыскелдиновна кеңеске қатысушыларға «Халық жадындағы қасірет» атты 31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу іс-шарасын өткізді. Біз бұл күнді қаралы күн деп атап өтіп, оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатыр. Әрбір қазақтың баласы осы қайғы-қасіретті ұмытпауы керек. Кезінде атылып кеткен Алаш зиялылары бар, қазақтың белгілі марғасқа азаматтары бар, аштық кезінде қырылған біздің ата-бабаларымыз бар.«Жыл кітабын оқыдыңыз ба?» атты оқу залы бөлімінің меңгерушісі Нұрманова Алма Жақсылыққызы Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларына акция-викторина арқылы саяхат жасап, осылайша бірінші кезең өз мәресіне жетті.
Екінші кезеңде мұражайға жол тарттық, тарихи өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы«Алаштанған ақ боз үй» тақырыптық экскурсия өткізіп, қызықты да мағыналы мәліметтерге ие болдық. Бұл кітапханашылар үшін таптырмас өте пайдалы мағлұмат болары анық. Аймақтық зерделі кеңес соңы мұражайда аяқталып, естелік суретке түсірілді. Мұражайға жасаған саяхатымыз әр кітапханашының бойында ұмытылмас әсер қалғаны сөзсіз.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев айтқандай: «Алаш қозғалысы «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі, Алаш идеясы бүгінгі таңда қазақ тарихының күрделі әрі көкейкесті мәселелері болып саналады. Жоғарыда аталған күні кешеге дейін лайықты бағасын ала алмай келген ұғымдар қазақ қоғамындағы ұлттық оянудың, ұлттық сана қалыптасуының өзінше бір көрсеткіші іспетті. «Алаш» партиясын құру мен Алашорда үкіметін қалыптастыру жолындағы жанқиярлық еңбегі нәтижесінде «Алаш арыстары» ардақты есімін иеленген зиялы қауым тарих сахнасына көтерілді.»
Қазақстан бүгінде егеменді ел болып дүние жүзіне танылуда. Біздің отанымыз егеменді тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Тарих бізге тәуелсіздікті тарту етті. Енді біздің парызымыз - ұлттық рәміздерді қастерлеу, тәуелсіз мемлекетімізді өркениетті елдер қатарына қосу, мәдениеттің биік шыңына көтерілу.