17 сәуір күні әдістеме-библиография бөлімінің ұйымдастыруымен - Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне» орай «Киелі мекенім-кітапхана» атты кітапхана ардагерлерімен кездесу кеші болып өтті.
Кештің мақсаты: қоғамда кітапхана мәртебесін көтеру, ардагерлеріміздің жасаған еңбектерін алдағы ұрпаққа насихаттау, кітапхана ісі мамандығын таңдауға жастарды бағыттау кештің негізгі мақсаты болып табылады.
Кештің құрметті қонақтары білімділіктің киелі ордасы кітапхананың қасиетті қазынасын көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып, осы кітапханада бірнеше жыл қызмет атқарған кітапханашы ардагерлеріміз Нұрманова Алма Жақсылыққызы мен Ермағанбетова Айнагүл Маткенқызы.
Тарихсыз ел болмайды демекші, кеш басын кітапхананың тарихымен бастауды жөн көрдік. Өмір жолын қарапайым кітапханашыдан бастап № 2 ОӘҒК-ның директорлығына дейін көтеріліп, кітапхана саласында тер төккен Алма Жақсылыққызы туралы сыр шертіп, одан соң тарихымыздың ұзын сонар, сан қилы жолынан өткен мәдени үрдістерімізді шашау шығармай бүгінгі мен келешек мұрасына айналдыруда кітапхана ісінің библиография саласына қызмет атқарып келген Айнагүл Мәткенқызының өмірбаянымен таныс болды.
«Кітап – білім бұлағы» демекші, осынау білімнің тұнық та мөлдір бұлағынан шәкірттерді сусындатып, олардың рухани дүниесін молайтып, тағылымы мол тәрбие ошағына айналып отырғанына кітапхананың оқу орнында алар орны орасан зор. Кеш барысында қонақтарымызды сөзге тартып, кітапхана саласында басталған еңбек жолы жайлы әңгіме қозғадық.
Қонақтарымызға әр түрлі сұрақтар қойылып, өз пікірлерімен, басынан өткен қызықты оқиғаларымен бөлісе отырып, қатысқан оқушыларға кітаптың адамзат мәдениетін қалыптастырып, дамытудағы, адам парасатын биіктетудегі, білімін шыңдап көтерудегі баға жетпес құрал екенін айтты.
Әр кезде еңбектің қиындығына төзе білген, еңбектің қадір-қасиетін түсіне білген игі жандарға кеш соңында кітапхана басшысы Борибаева Қазына Байсабекқызы жүрекжарды тілегін арнап, кітапхана ісінің ардагерлері туралы жазылған әдістеме-библиография бөлімі дайындаған библиографиялық көрсеткіштер мен сыйлықтар табыс етті.
Кездесу кешіне арнайы шақырылған қонақтарымыз ҚР Мәдениет қайраткері, Меценаттар клубының Қазына сыйлығының лауреаты Отаркүл Оразбайқызы мен Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының директоры Елтебаева Гүлбану Төкенқызы, Арқалық қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Құсайын Дәмет Есенжолқызы қатысып игі тілектерін айтты. Арқалық хабары БАҚ өкілдері мен Абай Құнанбаев атыңдағы жалпы білім беретін № 6 орта мектептің 9 сынып оқушылары, жетекшілері қатысты.