Облыстық №2 ғылыми-әмбебап кітапханасының Өнер бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Бақытжан Байқадамовтың туғанына 100 жыл (1917-1977) толуына орай наурыздың 17-жұлдызынд «Қайнар бұлақтан нәр алған тұлға» портрет кеші өтті.
Қазақ тарихында қоғам құбылысын түбегейлі өзгерткен 1917 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Бақытжан Байқадамов дүниеге келген еді... Биыл 100 жылдығын атап өтіп жатқан композитор Б. Байқадамов еңбектерін насихаттауда бөлімнің кітап қорынан көрме ұйымдастырылды. Фотослайд жасалып, жаднама шығарылды. Наурыздың 24-жұлдызы туған күніне қарсы ұйымдастырылған портрет кешіне композитордың інілері – құрметті зейнеткер Алматов Өрекен, ақын Жапаров Молдатай, шөбересі Динара Романқызы, ардагер-ұстаз Еркін Қожахметов, композитордын шәкірті Сарманова Әмина кештің құрметті қонақтары болды. Көз көрген қариялар ұлы композитордың туып өскен жері, ата-мекен, өскен ортасы жайлы тұшымды әңгімелер айтса, шәкірті Әмина Сарманқызы ұстазы жайлы «өнердің, музыканың құдыреттілігін мойындатқан-тұлға» деп естелік айтты. Ұрпақ жалғастырар шөбересі Динара Романқызы атасының жолын қуып, өнер, музыка саласында жүргендігін мақтан ететінін және өз мамандығын дұрыс таңдағанын мақтана айтып өтті. Торғай Гуманитарлық колледжінің музыка бөлімінде ұстаздық етіп жатқан Динара Романқызының шәкірттері Нағымжан Жансая мен Балтабай Арайлымның орындауында ұлы композитордың «Алма ағаштар гүлдейді» (сөзі: Н.Әлімқұлов), «Айгөлек» (Н.Баймұхамедов) әндері орындалды. Композитор әндерінің шығу тарихы, еткен еңбектері, жеткен жетістіктері жайлы айтылды. Портрет кешіне Торғай гуманитарлық, Торғай агро-техникалық колледжінің студенттері ұстаздарымен қатысып, ұлы композитор жайлы жақсы, есте қалатындай мағлұматтар алды. Кешке келушілер шара соңында бата-тілектерін берген ардагерлермен естелік суретке түсіп, жақсы әсерде тарасты.