Қасиетті Торғай өңірі – талай таланттарды туғызған құтты мекен.Ұлт ұстазы Ахмет пен Міржақыптай бірегей тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті топырақ.Міне, сол қасиетті топырақтан нәр алған, өлең жыры сырға толған, артына мол мұра қалдырған қазақ поэзиясының тарланы, ақиық ақын, жерлесіміз Сырбай Мәуленовке 95 жыл. Осыған орай , №2 облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының балалар әдебиеті бөлімінде «Сыршыл жырдың атасы» атты жыр кеші өткізілді.
Қазақтың Есенині атанған жыр тұлпары Сырбай Мәуленовтің өнегелі өмірінен бастап, сазды жырларын жас ұрпаққа таныстыру мақсатында өткен бұл іс- шарамызға №6 А.Құнанбаев атындағы, №4 мектеп, №1 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің оқушылары қатысты. Кеш ақынның өмір жолын таныстырудан басталып, белгілі қаламгерлердің ақын туралы лебіздерін тыңдаумен жалғасты. 4 сынып оқушысы Бейбітова Назым «Менің Республикам» , Алпысова Нұрай «Арқалық», Ихсан Жанна «Тосын жазы» атты өлеңдерін жатқа оқыды. Кеш соңында ақын сөзіне жазылған «Соғыстан қайтқан солдаттар» әні шырқалды.
Ақынның өз сөзімен айтқанда , әдебиетті насихаттау , халықтың ең асыл мүлкі кітап арқылы жүзеге асады.Ендеше ,қымбатты оқырман! Сырлы да, сырлы Сырбай әлемімен танысқыңыз келсе, «Сыршыл жырдың атасы» атты кітап көрмесін жыл аяғына дейін назарларыңызға ұсынамыз.