"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
04.05.2019 ж. Арқалық қаласындағы жастар фестивалі

Арқалық қаласында 2-3 мамыр аралығында өткен «Көктем көркі қызғалдақ» атты аймақтық жастар фестиваліне облысымыздың әр аудан, ауылдарынан 100-ден астам делегат жастар қатысты. Екі күндік форумда облыс жастары бір-бірлерімен дискуссия өткізіп, ой-пікірлерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты.


Ресми іс-шара болғанына қарамастан, әртүрлі шоу бағдарламалар мерекеге көрік беріп тұрды. Әсіресе қаламыздағы Наурыз алаңындағы фестивальдің ашылу салтанаты түрлі-түсті шарлармен және транспаранттар көркін ашып тұрды. Фестивальдің бағдарламасы өте ауқымды. Атап айтсақ: техникалық мамандардың көрмесі, жас кәсіпкерлердің жетістіктері, Кейкі батыр мавзолейіне, сонымен қатар қаламыздағы бірқатар орындарға саяхат жасалды. Жас делегаттар жаңадан ашылған «Торғай-Ет» ет комбинатын, Дала өлкесі мұражайын, «Қайрат» спорт комплексін, «Жасұлан» балалар мен жастар орталығын аралап саяхат жасады.


Біздің кітапхана мұражай қызметкерлерімен және ОКЖ кітапханашыларымен бірлесе отырып, жастар фестиваліне қатысты. Жастарға арнап (№6) әсем безендірілген киіз үй дайындалды. Қонақтарды іс-шарамен қарсы алдық. Қазақтың салт-дәстүрінен («біз шанышар», «босаға майлау») сияқты көріністер көрсетілді. Қонақтарға әннен шашу шашылып, өлең оқып, би биледік. Әсем безендірілген киіз үйде біздің өлкемізден 30 шақты жас делегаттарды қонақ қылып күттік. Біз қазағымыздың ұлттық тағамдары: ет, қымыз, бауырсақ, айран, жент, қаймақ, талқан, құрт ұсынып, сый-сияпат көрсеттік. Әсіресе самаурынның иісі бұрқыраған шайынан дәм тату ешкімді бей-жай қалдырмаған сияқты. Үйлеріне тарқар уақытта, көңілді ризашылық қөңілмен, тәтті тағамнан ауыз тиіп, естелік суретке түсіп тарқасты.

.