"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
 27.04.2018. Әнімен тербеген кең даланы

Кітап – рухани қазынаның киелі шаңырағы. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын бағытқа ала отырып, Торғай елінің ардақты перзенті, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, халық күйінің шебер орындаушысы, білікті дирижер, сазгер, сан қилы өнер иесі, «Торғайдың Шәмшісі» атанған Болат Хамзиннің 80 жылдығына арналған «Әнімен тербеген кең даланы» естелік кеші өтті.

 Естелік кешіне сазгер Болат Хамзиннің көз көрген жақындары, өнер жолында бірге жүрген шәкірттері, туыс-бауырлары шақырылып, құрметті қонағы болды.

Қаламыздағы «Аналар» кеңесінің төрайымы, еңбек ардагері Қалтаева Бақытжамал Аяғанқызы Торғай еліне келін болып түскен кезіндегі Торғай еліне жап-жас болса да аты шығып «Болат-өнерпаз» деген лайық дәрежелі атқа ие болған Болат Хамзинмен танысқаны, ұйымдастырушылық қабілетінің зор екенін еске алды.

Құрметті ұстаз, ақын, термеші Қазымбек Қуанышбай Қабенұлы сазгер Болаттың өмір жолына, туыстық жақын араласып, бауыр болып сыйласқандарын, балалық жастық шақтарынан сыр шертті.

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншісі, бүгінде құрметті зейнеткер Мұқатова Отаркүл Оразбайқызы, ұстазы болған сазгер Болат Хамзиннің өнер жолына, композиторлық ерекшелігіне тоқталып, әндерінің жастар арасында жиі айтылуы керек екенін айтып, сөз соңында сөзі ақын Серік Тұрғынбековтікі, Болат Хамзиннің «Торғай қызы» әнін нақышына келтіре орындап берді.

 Естелік кешінде сазгердің Құрманғазы атындағы консерваторияның халық аспаптар оркестірінің дирижер мамандығын бітіріп елге оралғаннан кейін, жүз адамнан құралған «хор» ұйымдастырғаны, 70-80 адамнан құралған оркестр құрғаны, қазақ еліне және шет елдерге танымал болған «Ғасырлар пернесі» фольклорлық-этнографиялық ансамблін ұйымдастырғаны жайлы, балалық шағында әкеден үш жасында айырылып, балалар үйінде тәрбиеленіп, өмірдің ащы кермегін ерте тартқаны, бес жасынан қолына домбыра алып, өмірінің соңына дейін серік еткені , өнер жолында еткен еңбегі бағаланып бірнеше марапаттарға, медальдарға ие болғаны айтылды. Арқалық қаласы, Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназияның 10 сынып оқушысы, Қонысбай Диана Дәуленқызы, Болат Хамзин жайлы ғылыми жұмыс жазып, облысқа қорғауға баратыны жайлы әңгіме айтып, «Болат Хамзинге арналған бүгінгі кешті, көз көрген сіздерді ғылыми жұмысыма қосқым келеді» - деп материалдар алды.

Естелік кешінде Арқалық мемлекеттік пединститутының студенті, әнші Қасымханова Ажар Қайыржанқызы, сазгер Болат Хамзиннің «Қайдасың, шолпаным-жұлдызым» (сөзі: Серғали Серіков); «Аманкелді ұрпақтары» (сөзі: Серік Тұрғынбековтікі) әндерін нәтіне келтіре орындап, қонақтарды риза етті.

Экраннан «Болат Хамзин: өмір жолы» деректі фильм көрсетілді. Сазгер ұрпақтары, жерлес ақын-жазушылар ой-пікірлері айтылған деректі фильм көрермендерге үлкен әсер қалдырды.