"Арқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасы" КММ
0
23.04.2018 Тәуелсіздікке тарту

Облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасының әдістеме-библиография бөлімінің ұйымдастыруымен «23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне» орай Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының тұсау кесер рәсімі өткізілді.

Егеменді еліміздің тарихын баяндайтын бұл туындыда мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшіліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі қабылданған шешімдердің мән-мазмұны толықтай баяндалған. Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Бірінші және екінші жаңғырту аясында тоталитарлық жүйеден түбегейлі ажырап, нарықтық экономиканы құру және бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосылу міндеті мерзімінен бұрын орындалғандығы туралы жазылған. Үшінші жаңғыртудың мақсаты – елімізді қалыптасқан жаңа жаһандық ахуал жағдайында жаңғырта отырып, әлемдегі ең өркенді 30 мемлекеттің қатарына қосу.

Бұл іс-шараны өткізудегі мақсатымыз -   оқырмандарға Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын насихаттай отырып, Тәуелсіздіктің тарихын біліп құрметтеуге, Тәуелсіз Қазақстан туралы білімдерін кеңейтуге, ел тарихындағы саяси оқиғалардың маңыздылығын ажырата білуге, еліміздің Тәуелсіздік алғаннан бергі жетістіктерімен танысуға, сонымен қатар келешек ұрпақтың бойына ұлттық намыс, ұлттық мінез қалыптастырып,  Отанымыз Қазақстанды өркендетуге білімді де саналы, жігерлі жастарды тәрбиелеу. Тарихи басылымның тұсаукесер рәсімі Арқалық қаласының құрметті азаматы, облыстық «Шабыт» сыйлығының, Республикалық ардагерлер ұйымының «Құрметті ардагері», «Еңбек және Қызыл Ту» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері  Кәки Шәріпұлы Ақанға берілді. Іс-шараны жүргізуші әдістеме-библиография бөлімінің қызметкері Альмағанбетова Айгерим Қауазқызы  «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы», «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы» бөлімдеріне жеке-жеке тоқталып мәліметтер берді. Тұтастай елдің тарихын қамтитын бұл жаңа туындының әр бөліміне тоқталып өткен сайын, қеш қонақтары «Нұр Отан» партиясы, Арқалық қалалық филиалының кеңесшісі Рахметов Жандос Ерғазыұлы, Арқалық қалалық мәдениет сарайының музыкалық жетекшісі Қайсарбекқызы Меңдігүл, облыстық Дала өлкесі тарихи мұражайының қызметкері Хасенова Рая Мүсілқызы, киелі шаңырақтың нығаюына сүбелі үлесін қосып келе жатқан «Кітапхана ісінің ардагері» Нұрманова Алма Жақсылыққызы сөз алып, тарихи туынды жайындағы ойларын ортаға салды.  Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің  2 курс студенттері қатысып, мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың  тарихи публицистика жанрында жазылған шығармасынан көптеген мәліметтер алды. Мәдени – рухани шараны облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Борибаева Қазына Байсабековна қорытындылап,  айтар ақыл-кеңесі зор абыз ақсақал Кәки Шәріпұлының ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына арнап жазған «Елім менің» атты әнімен аяқталды.